Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру өте маңызды – Қырымбек Көшербаев

23 Сәуір 2021, 11:10
1058
Бөлісу:
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру өте маңызды – Қырымбек Көшербаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев елдің агроөнеркәісібін дамытуға қатысты баяндама жасады.

Жиын барысында мемлекеттік хатшы Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолына тоқтала келе қазіргі жастарға еңбекті насихаттау қажеттігін айтты.

Әлемдік өркениеттің барлық құндылығы экономикалық және мәдени байлықтар, виртуальды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан әлеуметтік жаңғырту саясаты негізіне шынайы өндіріс еңбегінің қойылуы да орынды. Ата-бабамыз елдің көсегесі еңбекпен көгеретінін, еңбек арқылы ғана ұшпаққа шығуға болатынын ұрпағына аманат ретінде айтып кеткені белгілі. Халықтың әл-ауқаты жақсару үшін ең әуелі саналы еңбекқор, кәсіп пен бәсекеге бейім ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет,-деді ол.

Сонымен қатар ол халықты екңбекке баулуда әділеттілік қағидаттарын алға шығару қажеттігін айтты.

Еңбек сіңіруден бастап марапат беруге дейін мемлекет қана емес, қоғамның да көзқарасы әділ болғаны дұрыс. Ең бастысы отандастармыздың санасына еңбектің қадірі мен кәсібойлық рухын сіңіру тиіспіз. Адам өзінің күш-жігеріне, біліміне сеніп еңбек еткенде ғана шынайы бақытқа, мол дәулетке жете алатынын ұғындыруымыз керек,-деді Көшербаев.

Сонымен қатар ол еңбек үшін жаңа технологияларды ұштастыра білу де заман талабы екенін айтты.

Қазіргі таңда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені инновациялық бағытқа түсіру өте маңызды. Бұл біздің дәстүрлі саламыз. Дүниеде азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай өндірістің өсімі жайлы ойлану қажет. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе береді. Жермен жұмыс істейтіндер ең алдымен жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттырып, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізуі қажет. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей болашақ аграрлық секторда, әсіресе шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындар желісін құруда,-деді мемлекеттік хатшы.

Аталған конференцияны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ұйымдастырған.

Өзгелердің жаңалығы