Қазақстандықтардың корей тілін үйренуге ынтасы зор – Корея елшісі

5 Қазан 2021, 16:36
2419
Бөлісу:
Қазақстандықтардың корей тілін үйренуге ынтасы зор – Корея елшісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок мырза қазақстандықтардың корей тілін үйренуге ықыласы зор екенін айтты.

Екі елдің азаматтары арасындағы алмасу 2014 жылы виза режимін алып тастау туралы келісім күшіне енгеннен бері қарқын алып, дамып келеді. Одан бөлек, биыл құрылғанына 30 жыл толған Нұр-Сұлтандағы Корей мәдени орталығы мен Алматыдағы Корей білім беру орталығында қазақстандықтардың корей тілін үйренуге деген зор ынтасын көріп отырмыз. Сонымен бірге «Халлю» корей толқынының фан-клубтары, соның ішінде қазақстандықтарды корей мәдениетімен, K-pop, сериалдар және фильмдермен таныстыратын «Friends of Korea» студенттер қауымдастығы құрылды, - деді дипломат.

Ол баяндағандай, әлем пандемияның таралуына байланысты қиындықтарға тап болған кезде біздің екі ел денсаулық сақтау саласында тығыз ынтымақтастық жүйесін құрды. Былтыр Корея Үкіметі Қазақстанмен коронавируспен күресу бойынша табысты тәжірибесімен бөлісті. Нәтижесінде Қазақстанда жұмыс істейтін кореялық компаниялармен бірге жалпы сомасы 1,2 млн долларға гуманитарлық көмек көрсетті.

Корея елшілігі тарапынан Қазақстанда аз қамтылғандарға көмек көрсету үшін үнемі акциялар өткізіліп тұрады. COVID-19 пандемиясы әлемге өз салдарын тигізді. Дегенмен бір жағынан Қазақстан халқына жақын бола түсу әрі қиын-қыстау кезеңде нағыз достық таныту мүмкіндігі болды. Сол үшін бұл мүмкіндікке өте ризамын. Корея мен Қазақстанның осындай жақын достас елдерге айналғаны кездейсоқ емес. Қазақстандықтардың көбінен кореялық сериалдар арқылы Кореяға деген көңілдерін, махаббаттарын естідім. Бұдан халықтың Кореяға қызығушылығы арта түскенін көруге болады. Сериалдарда көрсетілген кореялық құндылықтар – отбасына деген қамқорлық, үлкендерге құрмет, қонақтарды кең пейілмен қарсы алу қазақстандықтардың құндылықтарына ұқсас, - дейді Ку Хонг-сок.

Ол 1937 жылғы корейлерді күштеп көшіру тарихына көз жүгіртсек, қазақстандықтар оларды жылы қабылдап, жергілікті қоғамның бір бөлшегіне айналуға көмектескен кезде жақындық туралы бұл сөздер одан да терең мағынаға ие болатынын айтты.

Осы тұрғыдан алғанда танымал тұлға және корей диаспорасының батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың тамыз айындағы Кореяға іссапары аясында Корея Республикасына қайтарылғаны мені қатты қуантты. Генерал Хон Бом Доның оралуы Корея азаматтарының жүрегіне терең әсер етті. Сондай-ақ корей диаспорасының Қазақстанға қоныс аудару тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік береді. Генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға тамаша негіз болды, - деп айтты Корея елшісі.

Айта кетейік, бүгін елшілік ғимаратында Корея Республикасының құрылған күні атап өтілді.

Еске сала кетейік, 8-9 қазанда ЭКСПО аймағында орналасқан Nomad City Hall концерт залында корей мәдениеті фестивалі өтеді.

Өзгелердің жаңалығы