Қазақстандықтар Петропавл әуежайында цифрлық жеке куәлікті қолдана алады
22 Қараша 2021, 17:55 129

Қазақстандықтар Петропавл әуежайында цифрлық жеке куәлікті қолдана алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавл қаласының әуежайында жеке мәліметтерді растау үшін «e-Gov Mobile» қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті қолдану мүмкіндігі пайда болды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Атырау және Тараз қалаларында іске қосылған.

Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile жүйесінде авторланған азамат «Цифрлық құжаттар» сервисіне кіріп, тізімнен өзінің жеке куәлігін таңдауы тиіс. Әуежайдағы тіркеу орнында, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде смартфон экранынан сервистегі QR-кодты көрсету керек, - делінген хабарламада.
Цифрлық жеке куәлікті ел ішіндегі рейстерде пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, Қазақстан Республикасының авиакомпаниялары мен әуежайлары және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүйелерін интеграциялау бойынша бірлесе жұмыс атқарды.

Цифрлық құжаттар сервисі пилоттық тәртіпте іске қосылды және бұл мүмкіндік әзірше Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Атырау, Тараз және Петропавл қалаларының арасындағы рейстерде ғана қолжетімді. Пилоттық жоба болғандықтан, бұл сервисті қолдануды жоспарлаған жолаушылар өзімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасын да алғаны жөн.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...