Бас жаңалықтар
«Астана» велошабандозы Италияда топ жарды
12 Қазан 2021, 14:25 247

«Астана» велошабандозы Италияда топ жарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Астана» кәсіби спорт клубының құрамына кіретін велокомандада жағымды өзгерістер болып жатыр.

Осыдан бірер күн бұрын «Астана» кәсіби спорт клубы» өзінің құрамына кіретін Astana-Premier Tech командасының атауы өзгеретінін ресми түрде жариялаған болатын. 2022 жылдан бастап бұл ұжым ASTANA QAZAQSTAN TEAM деп аталады екен.

«Астана» КСК баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл – әйгілі велоклубымыздың атауына қазақы рең енгізіп, ұлттық болмысымызды сомдай түсу мақсатындағы алғашқы қадам.

Кәсіби спорт клубының жаңа басшылары өздерінің ой-жоспарларында бұрқырап қайнап жатқан маңызды шешімдерін осындай бір ауыз сөзбен бастауды жөн көріпті.

Astana-Premier Tech велоклубының ендігі мақсаты Қазақ елінің даму стратегиясын әлемге танытып, абыройын асқақтата беру екен. Ағылшын транскрипциясындағы Qazaqstan сөзінің (атауының) таңдап алынуы да жаңа басшылардың мақсат-мүдделерін білдіретін көрінеді.

Қазақтың тарихына, рухына, болмысына бір қадам жақындай түссең, оның киесі қолдамай қойсын ба?! Кеше Италияда өткен «Coppa Agostoni» велобәйгесінде еліміздің талантты велошабандозы Алексей Луценко топ жарып, мәреге бірінші болып жетті.

Ломбардия аумағындағы жолдарда ұйымдастырылған, ұзақтығы 180 шақырымға созылған бір күндік бәйгеде Алексей көсіле шапты. Мәре сызығына 10 шақырымнан артық қашықта «CCC Team» шабандозы Маттео Трентин суырылып, алға озды. Оған тек біздің Алексей ғана ілесе алды.

Содан Луценко тәжірибелі Италия велошабандозының ізіне түсіп, одан бір елі қалмай, ілесіп отырды. Ал мәре сызығына 150 метрдей қалғанда, қамшыны басып, жылдамдығын үдетіп, алдын орап кетті. Жеңіс! Astana-Premier Tech велоклубының көшбасшысы ұжымның жаңа атуына алғашқы сыйлығы мен сүйіншісін осылай Италия тасжолынан жолдады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...