Қазақстанда жұмыспен қамту бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?

10 Маусым 2021, 14:45
2758
Бөлісу:
Қазақстанда жұмыспен қамту бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты.

Оның айтуынша, пандемиядан туындаған қиындықтарға және өткен жылы қабылданған қажетті шектеу шараларына қарамастан, еңбек нарығының негізгі индикаторлары жағдайдың тұрақтылығын көрсеткен. Бұған Үкімет қабылдаған, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жедел шаралар кешені ықпал етті.

Тек «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 650 мыңға жуық адам қамтылды, олардың 319 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 70 мыңнан астам адам қысқа мерзімді курстарда оқумен және техникалық-кәсіптік біліммен қамтылып, 33 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, – деп баяндады Серік Шәпкенов.

Министрдің мәліметінше, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 13 мыңға жуық жеңілдікті микрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 45 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 1,4 мың микрокредит көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді. Микрокредит алушылар 13,7 мың қосымша жұмыс орнын ашты.

Сондай-ақ өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дағдарысқа қарсы бағдарламасы (бұдан әрі – ЖҚЖК) аясында 239 мың адам жұмысқа орналастырылды. Олардың көпшілігі – халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздар. ЖҚЖК арқасында 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылды.

Биыл жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге қарастырылған. Олар төрт негізгі бағытқа бағытталады: халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ өңірлерде агроөнеркәсіптік кешен мен бизнесті дамыту. Осы бағыттар аясында шамамен 41 мың жұмыс орны құрылады, олардың 69%-ы тұрақты жұмыс орындары болады, - деді ол.

Серік Шәпкенов атап өткендей, бөлінген қаражаттың 42,5%-ы (127,5 млрд теңге) халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Шамамен 33,3%-ы (100 млрд теңге) – агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және 24,2%-ы (72,5 млрд теңге) өңірлерде бизнесті дамытуға және «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдары арқылы микрокредит беруге пайдаланылатын болады.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ағымдағы жылы «Еңбек» ұлттық жобасы бекітіліп, ол еңбек нарығын дамытудың жаңа жағдайында жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталатын болады.

Ұлттық жоба аясында халықтың әрбір нысаналы тобының жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған құралдар енгізіледі. Қазіргі заманғы экономика талаптарына сәйкес, оқытудың жаңа түрлері (онлайн және жұмыс орнында) арқылы еңбек ресурстарының дағдыларын дамытуға қолдау көрсетіледі. Жеке секторда жұмыс орындарын құру үшін өңірлік экономикаларда зәкірлік кооперация мен өндірістік тізбектерді дамытуға микрокредиттеу арқылы қолдау көрсетілетін болады, – деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Жалпы 2021 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 млн адам қамтылады, оның ішінде:

- «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы - 700 мыңнан астам адам;

«Жұмыспен қамтудың жол картасы»аясында 41 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде 28 мыңы тұрақты жұмыс орны болады;

- басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында 440 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Еске салсақ, бұған дейін Шәпкенов бала туу мен күтіміне байланысты берілетін жәрдемақылар мөлшерін айтты.

Өзгелердің жаңалығы