Қазақстанда жолда жүру мәдениетін қалыптастыру керек – Шалқар Қасымханов

4 Желтоқсан 2021, 16:45
3048
Бөлісу:
Қазақстанда жолда жүру мәдениетін қалыптастыру керек – Шалқар Қасымханов
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жол апаттарының негізгі себебі еліміздегі жол жүру мәдениетінің төмендігінде болып отыр, дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Жол қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Шалқар Қасымханов.

Өкінішке қарай елімізде жол қозғалысы ережесін сақтамау фактілері азаймай тұр. Солардың салдары - адам шығыны да азаяр емес. Жалпы осы мәселеге байланысты не айта алар едіңіз?

Сауалыңызға рақмет, расымен жол ережереін сақтамау фактілері тиылар емес. Мысалы, соңғы 18 жылда елімізде 280 мыңнан астам жол-көлік оқиғалары орын алып, 350 мыңнан астам азаматымыз әр-түрлі деңгейде жарақат алып, 51 мың адам көз жұмған. 

Бұл талайды ойландырар көрсеткіш, шұғыл шешім шығаруға итермелейтін жағдай деп санаймыз.

Енді жол апаттарының алдын алу үшін не істеу керек?

Жол апаттары салдарынан елімізде жыл сайын шамамен 2 мыңға жуық адам қаза болып отыр. Осындай жағдайларды болдырмау үшін жауапты органдардың тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізілуде, соның ішінде еліміздегі жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуға және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған құрылыс мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 3 шақырымына құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізілсе, 10 мың шақырымы жөндеу жұмыстарынан өтті. Жергілікті желінің 15 шақырымына құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аталған жұмыстар шеңберінде 1 санатты жолдардың ұзақтығы 3 мың шақырымға жеткізілді, 49 елді мекендерде айналма жолдар салынды және әр-түрлі деңгейдегі жаяу жүргінші өткелдерінің құрылысы аяқталды.

2025 жылға дейін көзделген мемлекеттік бағдарламасы шеңберіне аталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Бұл да жол қауіпсіздігін арттыру бағытында жұргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың бір бөлігі ғана.

Сонымен негізгі себептеріне тоқталыңызшы. Ең көп апат неден болып отыр? Жол сапасыздығынан ба, әлде жүргізуші ұқыпсыздығынан ба? Жылдамдық па, әлде ішіп рөлге отыру ма?

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша уәкілетті органның деректеріне сәйкес еліміздегі жол апаттарының 80-90% азаматтарымыздың жол қозғалысы ережесін сақтамау салдарынан.

Атап айтар болсақ, жылдамдықты асыру, қарама-қарсы жолаққа шығып кету, ара-қашықтықты сақтамау, жаяу жүргіншілердің тиісті емес жерлерден өтуі, жүргізушілердің мас күйінде көлік жүргізуі секілді өрескел тәртіп бұзушылықтар, тіпті қараусыз қалған үй жануарларының жолға шығуы салдарынан болып отырған жол апаттары да аз емес.

Жолдардың сапасына тоқталатын болсақ, еліміздегі автожол желісінің ұзақтығы 157 мың шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 25 мың шақырым, жергілікті жолдардың 71 мың шақырым және
елді-мекендердегі көшелері 61 мың шақырымды құрайды.

Ведомстволық Министрліктің деректеріне сәйкес қәзіргі уақытта республикалық жолдардың 89% және 75% нормативті, яғни жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болып табылады.

Сапасы төмен немесе жол қозғалысы қиын автомобиль жолдары учаскелерінде жауапты органдар тарапынан қауіпсіздік деңгейін жоғарылату мақсатында тиісті жол белгілері мен нұсқаулықтар қойылып, сол жерлерге сәйкес қозғалыс жылдамдықтары бекітіледі.

Құрылыс және жөндеу жұмыстарынан өткен ақаусыз автомобиль жолдардың өздері рұқсат етілген есепті қозғалыс жылдамдығымен жүруге арналып жобаланды.

Алайда өкінішке қарай жүргізушілер тарапынан жылдамдықты шектен тыс асыру салдарынан, олардың үлесі 35-40% құрайды, сондықтан да қазіргі уақытта жол апаттарының негізгі себебі еліміздегі жол жүру мәдениетінің төмендігінде болып отыр.

Ендеше жол жүру мәдениетін қалыптастыру үшін қандай шаралар қолға алынуда?

Сұрағыңызға рақмет. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мемлекеттік мекемесі тарапынан автомобиль жолдарындағы қауіпті учаскелерді анықтау, стандарт талаптарына сәйкес келмейтін қауіпсіздік элементтерін анықтау және оларды нормативті жағдайға келтіруге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мәселен, арнайы өлшеу құралдарымен автомобиль жолдарының бойындағы жол белгілерінің жарыққайтару қасиеттерін тексереміз. Бұл қасиет, жол белгілерінің күндіз де, түнде де жүргізушілерге нормативті арақашықтан анық көрініп, уақытылы қозғалыс режимдерін анықтауға мүмкіндік береді.

Осылайша, ағымдағы жылы біздің мекеме еліміздің автожолдар желінсінің бойындағы 8 мыңнан астам жол белгілеріне тексеріс жүргізді, нәтижесінде олардың 33% стандарт талаптарына сәйкес келмейтінін анықтадық. Өз кезегінде мекеме тарапынан жауапты ұйымдарға анықталған сәйкессіздіктерді жою бойынша нұсқамалар жолданды.

Сондай-ақ, жол-көлік оқиғалырының статистикасына талдау жүргізе келе республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы жол апаттары жиі болатын 319 апатты-қауіпті учаскелерді анықтадық. Мүдделі органдармен бірлесе отырып аталған учаскелерде жол қауіпсіздігін жоғарылату бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл жоспардағы шаралар алдағы уақытта жол-жөндеу жұмыстарының шеңберінде іске асырылатын болады.

Әлемдік тәжербиеге жүгіне отырып қолға алынған жобаларға тоқтала кетсеңіз.

Қәзіргі уақытта Азия даму банкінің қолдауымен шетелдік кеңесші ұйымдармен бірлесіп «2+1» типті автомобиль жолдарын жобалау мәселесі пысықталуда. Бұл дегеніміз жол қозғалысын 3 жолақты жүріс алаңында ұйымдастыруды көздейді, оның 2 жолғы бір бағытта болса, 1 жолағы қарама қарсы бағытта жүргізіледі. Бұл жобаның негізгі мақсаты жолдарда көлік құралдарын қауіпсіз озып өтуді (обгон) қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстанда жолда жүру мәдениетін қалыптастыру керек – Шалқар Қасымханов

Осы тәсіл Щвеция, Англия, Австралия секілді дамыған елдерде кеңінен қолданылады екен. Бұл біз үшін жаңа тәжірибе олғандықтан, оны жете зерттеп, оң терісін саралап болғаннан кейін алдағы уақытта біздің елімізге қолдану мүмкіндігін анықтайтын боламыз.

Біздің мекеме жол пайдаланушыларының арасында жол жүру мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардан да шетте қалып отырған жоқ. Өткен жылы мекеменің тапсырмасымен жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттайтын 10 анимациялық видеороликтер әзірленіп, олар еліміздің телеараналары арқылы, әлеуметтік желі арқылы азматтардың назарына ұсынылды.

Қазақстанда жолда жүру мәдениетін қалыптастыру керек – Шалқар Қасымханов

Осы бағытта жұмыстарды жалғастыра отырып, Азия даму банкінің қолдауымен алдағы жылы тағы 30-ға жуық видео және ақпараттандыру материалдарын әзірлеу жоспарлануда. Бұл жұмыстар, халық арасында жол қозғалысы ережесін бұзбай, қауіпсіздік дейгейін жоғарылатуға өз үлесін қосады деп пайымдаймыз.

Жалпы жол қауіпсіздігінің негізгі қағидаттарын атасаңыз?

Қазақта «Жол мұраты - жету» деген нақыл сөз бар. Сондықтан-да, жол қауіпсіздігінің негізгі қағидаты ол автомобиль жолдарын пайдаланушылардың, яғни жүргізушілер болсын, жаяу жүргіншілер болсын, жолды жөндеуші ұйымдар болсын өз жауапкершіліктерін ұмытпай, барлық ережелерді мен талаптарды сақтау деп санаймын.

Себебі, жол қозғалысы қауіпсізігі тек қана жақсы инфрақұрылым құрумен немесе жаңа көлікті қолданумен ғана қамтамасыз етілмейді, ол азаматтарымыздың жол ережесі мен қауіпсіздік нұсқаулықтарын сақтау нәтижесінде қалыптасады.

Сол себепті, еліміздің барлық азаматтарына осы жол қауіпсіздігі кешенді мәселесін бірлесе отырып шешуге шақырамын.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Өзгелердің жаңалығы