Қазақстанда ең ұзақ министр болған мен ғана шығармын – Төрегелді Шарманов

19 Қазан 2020, 14:21
4649
Бөлісу:
Қазақстанда ең ұзақ министр болған мен ғана шығармын – Төрегелді Шарманов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төрегелді Шармановтың өмір қағидалары.

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик 90 жаста.

***

Мен тегін адам емеспін. Ұлытаудың баурайында бас қосқан қос ғашықтың махаббатының нәтижесінде дүниеге келген, бес жасыма дейін анамды арда емген бір үйдің жалғыз баласымын.

***

Соғыстан кейінгі жұпыны жылдар, оқудың керек-жарағы жетіспейді, күйдірген бидайды қаламсия етіп, дәптердің орнына, кітаптың арасындағы ашық жолдарға сыйдырып жазамыз. Мұғалімдердің білімі аздау, көбінесе орта білімнен аспайды, олардың қателерін түзетіп отыратын кездеріміз де болатын… Ол кезде жағатынымыз «пиала» аталатын білте шам, бертінге дейін қолданылып келді. Оқитын бөлмелеріміз суық, күпімен отырамыз, терезеден жел кеулеп, қиыршық қар ұшқындап тұратын.

***

Мен мектеп пен институт қабырғасында аса белсенділер қатарында болдым. Сондықтан болар, ең әдемі әрі жақсы оқитын қыздар менің айналамнан табылатын.

***

Жеңгелеріміз тізесін бүгіп, биені сауып жатқан кезде қызығатынмын. Жеңгелерім керемет сұлу болып көрінетін. Жанында құлын тұр. Ондай көріністі табиғатта кездестіргенде кеудемді қуаныш кернейді. Қазірге дейін жылқыларды көргенде жүрегім дір етіп, керемет бақытты сезімде болам.

***

Маған еңбек жолымда бәрі аспаннан түспеді. Не нәрсеге болсын еңбектеніп жеттім. Мен өмірде жетіспеушілікті көп көрдім. Бір айлық жолақы билетін бір үйде бірнеше адам ұстадық. Менің жұмыстан келуімді әкем күтіп отырып, мен келген соң сол билетті алып, ол кісі жұмысқа кететін. Қарауымда әкем, шешем, үш бала, ауру әйелім болды. Ғылым докторы, ректор болғанға дейін жетіспеушіліктен құтыла алмадым.

***

Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған, ұлтшылдыққа қарсы күрес кезiнде талай таяқ жедiм… Мен туралы дақпырт Алматыға, Қонаевқа жеттi. Қонаев «Шармановқа не кiнә қоясыңдар?» дегенде, «жұмысының бәрi жақсы, бiрақ, барып тұрған ұлтшыл» дептi. Димекең, ақсақалдықтың шыңына жеткен кiсi ғой, шiркiн, «ә! маған керегi – дәл осы қасиет!» деп, менi дереу Алматыға шақыртып, денсаулық сақтау министрi етiп тағайындады. Мұны маған кейiн өзi сыр қылып айтты.

***

12 жыл. Қазақстанда ең ұзақ министр болған мен ғана шығармын. Бұл қызметті атқарған жылдары мен араламаған ауыл қалмады. Кеңседе отыратын министр болған емеспін. Халықтың жанынан табылуға тырыстым. Әрдайым алыс елді мекендерді аралайтынмын. Қазіргі министрлер ауылдарға бара ма? Білмеймін.

Мен осындай азды-кемдi еңбегiм үшiн жақсылық та, қиындық та кештiм. Қудаландым да. Көре алмаушылықтың кесiрiнен елден жырақ кеттiм.

***

Адал адам сұғанақтардың жолына кедергі болады. Адал болу бұрын да қиын болған, қазір де қиын.

***

Қудалауға түскенде сынып, мүжiлiп кетпей, жығылып қалмай, аман сақталғаныма рахмет айтамын. Адам қыспаққа түскенде сабырға жеңдiрiп, абыройын, кiсiлiк қасиетiн жоғалтпауға тырысуы керек. Жайшылықта, кеңшiлiкте мән бермеген осы қасиеттердi қыспақта жүргенде шама келгенше шыңдай бiлген жақсы. Өз елiңнiң адамдарынан таршылық көрiп келгенiңдi бiлген соң, азу тiсi сақылдап тұрған Москва сенi аямайды. Ондайда өзiңдi сақтаудың өзi күш.

***

Жалғандық жайлаған қоғамдық санаға шынайылық сипат беру уақыт өткен сайын күрделеніп, шиеленісе түспек.

***

Саясат қуған адам емеспiн. Мен – маманмын. Саясатқа кезiнде амалдың жоқтығынан барған едiм. Неге десеңiз, денсаулық сақтау саласы құлдырап кеткенде, мемлекет тарапынан ақпараттық қолдау бола ма деген оймен араластым. Әйтпесе, үкiмет басына бару үшiн жасаған ештеңем жоқ. Бар мақсатым – қазақ медицинасын көркейту, соған жан-жағынан ықпал ету және алға қойған шаруаларды орындау.

***

Адамның негiзгi мақсаты – бiр-бiрiне қызмет ету, жақсылық жасау. Осы тұрғыдан алсаң, сенiң азаматтық қасиетiң де жақсарады. Сол себептен де өзiмдi бақытты санаймын. Бiреуге көмектессем, үнемi жақсы сезiмде жүрем. Тамағым тоқ, көйлегiм көк болса болғаны. Қолыңда бiрдеңе болса, алған адам емес, берген адам бақытты. Бiреуге жасаған жақсылықты есте ұстама. Жақсылық жасадың ба, сол адамды ұмыт. Егер бiрдеңе дәметiп жүрсең, ол жақсы емес. Осылай өмiр сүрiп, осылай өмiрден өтем деп ойлаймын. Бұл менiң кредом.

***

Ұлт болашағы ой-өрісі терең, интеллектуалдық деңгейі жоғары ұрпақтың қолында. Келер ұрпағымыз ауру-сырқаудан көз ашпаса, онда болашақ туралы айтудың да жөні жоқ. Өйткені ой саулығы – жанның саулығына, жан саулығы – тәннің саулығына тікелей қатысты. Ал, тән саулығы біздің күнделікті ішіп-жейтін асымызға, өмір салтымызға байланысты екені баршаға мәлім.

***

Ұлттық сусындардың ең пайдалысы – қымыз, айран. Одан бөлек, таза судың да ролі зор. Қымыз дәруменге ерекше бай, оны басқа сусындармен салыстыруға келмейді. Жалпы, жылқының қымызы мен етіне жететін ешқандай тағам жоқ… Қазақта тамақтың сіңуі туралы «қойдың еті – ертеңгі күн батқанша, сиыр еті – таң сарғайып атқанша, жылқы еті – төсек салып жатқанша» деген сөз бар. Осыдан-ақ, жылқы еті үш есе жылдам сіңетінін аңғаруға болады. Ол ғылыми дәлелденген.

***

Тағы бір маңызды жәйттің бірі, ол – қимыл-қозғалыс. Негізі көп жүріп-тұру керек… Мен таңертең міндетті түрде дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын. Жүремін. Қыста тренажерлік залда жаттығамын. Кейін душ қабылдаймын. Бірінші жылы сумен, кейін мұздай сумен шайынамын.

***

Кейбiр адам жүгiрудi тек спорт, дене шынықтыру деп санайды. Жоқ, жүгiру адамның бойын да, ойын да сергiтедi. Мен сабыр-төзiмiм ширыққан кезде тоғай iшiнде өзiммен өзiм желе жүгiрiп қайтамын. Жүгiргенде адам бойында эндорфин түзiледi. Қарапайым тiлмен айтқанда, эндорфиндi «шаттық гармоны» деп атауға болады. Жүгiрген кезде буын-буыныңды құрсаған мазасыздық, күйректiк ығысып шығады да, сергектiк сезiнесiң. Сергектiк – көңiл-күйдiң көтерiңкiлiгi.

***

Таңертеңгілік асқа – бір қызанақ, бір қияр, бір болгар бұрышы немесе алма және кілегей қосылған шай. Ал нан, май, шұжық дегендерді жемеймін, сиырдың сүтін ішпеймін, одан жасалған ірімшікті де жемеймін. Сиыр сүтін қайнатсаң пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Түсте тауық еті немесе жылқы еті салынып әзірленген сорпа ішемін. Қойдың етін татып алмаймын… Мен 30 жыл бұрын қанттан бас тарттым. Тұзы бар тағам жемеймін…. Қантсыз, тұзсыз күн көруге болады. Олардың пайдасы жоқ.

***

Менің арманым – бие сүті негізіндегі өнімдерді ұлттық бренд ретінде танымал ету. Оны Отан алдындағы, халық алдындағы борышым деп санаймын… Мен тұңғыш рет шоколадты биенің сүтінен жасадым. Оған қант қосудың қажеті жоқ. Бұл – үлкен жетістік. Себебі қант – ол у. Оның зияны морфимен бірдей.

***

Ең сіңімді, пайдалы тағам – адамның туып-өскен жерінде өндірілген өнім. Біздің елімізде шығарылатын азық-түлік өте таза.

***

Мен жұмыссыз отырсам жағдайым нашар болар еді. Өмір бойы еңбек етіп үйренген адаммын. Бұл маған қуат береді.

***

Егер жер бетіндегі жанып тұрған оттай осыншама сұлулар дәл испан тілінде сөйлейтін ертерек білгенде мен оны әлдеқашан меңгеріп алар едім.

***

Дәрі-дәрмек ауруға 100 пайыз ем болады деу – қате ұғым. Аурудан айығуға әсер ететін өзге факторларды да естен шығармау керек. Мәселен, адамның көңілі, ниеті аурудан айығуға керемет әсер етеді. Тіпті, емдеуші дәрігердің бет-бейнесіне қарап-ақ ауру жеңілдейді. Сондықтан бірінші кезекте адамның сенімін түсірмей, көңілін аулаған абзал. Сол үшін де мен «дәрігер» деген ұғымды түбірі «дәрі» болғандықтан жақсы қабылдамаймын. Ол «дәрі беріп емдеуші» дегенге келеді. Дұрысы – емші. Яғни, тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, науқасты сөзімен, ісімен, көңілімен де емдеп жазушы.

***

Әр адам өз денсаулығы үшін өзі жауап беруі тиіс. «Менің денсаулығыма мемлекет жауап береді» деген көзқараспен өмір сүруге болмайды… Дұрыс тамақтан, салауатты өмір салтын ұстан, уақытылы ұйықта. Сапалы өмір сүрудің негізгі факторлары осы. Оған мемлекет жауап беруге тиісті емес.

***

«Парасат», «Достық», «Барыс» ордендері мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алдым. Тағы көптеген марапат бар. Мен үшін олардың әрқайсысының орны бөлек. Бірақ 2005 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы табыс еткен «Леон Бернард» атындағы медалі ерекше ыстық. Себебі оны маған дейін әлемде бар болғаны 42 адам алған. Оны әлемдік денсаулық сақтау саласына қосқан үлесім үшін берді.

***

Бұрын академик пен ғылым докторы дәрежелерін алу «инемен құдық қазғандай» еңбекті талап етті. Ол үшін көптеген жыл бойы ғылыми ізденіспен айналысып, есімің ел аузында қалатындай, айналысқан тақырыбың өз саласында өзгеріс әкелетіндей қомақты ғылыми еңбегіңнің болуы шарт еді. Қазіргілердің, шынтуайтына келгенде, атағына ілуде біреуі ғана лайық. Құрметті дәреженің қадірі кеткен сыңайы бар. Сондықтан қазір тіпті «академик» дәрежесін атыңа қосып айтқанда ұялатын дәрежеге жеттім.

***

Шынайы атақтың орнын ақша-атақ басқан, қадірі қашқан заманның бірінде өмір сүріп отырғандаймыз. Жалған атаққа ие болып жүрген жарандардың өзгемен қатар, өздерін алдап жүргендерімен ісі де жоқ болғаны ғой… Жалпы, атақ-даңққа аңыз ретінде қарағанды дұрыс көремін. «Атақ-дәреже мен лауазымды дәлелдейтін халықтың игілігіне жараған қандай ізгілікті ісім бар?» деп әркімнің ойланып жүргені дұрыс.

***

«Тiлiмдi, елiмдi сүйемiн!» деп, бiрақ сол үшiн түк бiтiрмей жалаң ұрандатқандарға көңiлiм құлазып кетедi.

***

Өмірдің мәнін құрайтын, мамандықтың шынайы шебері болуға ұмтылыс секілді дәстүрлі және қоғам үшін пайдалы үрдістің кешегі күннің еншісінде қалуы – қынжылтатын көрініс.

***

Қазіргі жемқорлықтың құлқыны өте кең. Қоғамда «түйені түгімен жұтатындар» көбейіп кетті… Сайып келгенде, бәрінің тонайтыны – қара халық… Егер біз болашақта ұлт болып ұйысқымыз келсе алдымен осы індеттен арылуды ойластырғанымыз жөн.

***

Менің бір қорқатыным – даңғойлық. Осы күні қазақтар баласы үйленсе немесе мерейтойында аста-төк етіп, ат шаптырып, той жасайды. Бір-бірімен сайысқа түскендей, тіпті несие алып той жасайтыны болады. Мысалы, мен үйленгенде үлкен той болған жоқ. Өзімізге жақын бес-алты адам қуанышымызға ортақ болды. Үлкен той – үйленетін жастар бақытының кепілі емес. Мысалы, мен қосағыммен елу жыл бақытты өмір сүрдім… Туған күнiмдi де тойламаймын. Ондайға қарсымын. Жетпiске келгенде «сiздердiң маған деген құрметтерiңiзге ризамын, мерейтойға берем деген қаражаттарыңызды ақ қанмен ауырған балаларды емдету үшiн ашылған қор есепшотына аударсаңыздар ырза боламын. Маған ештеңенiң қажетi жоқ» деп газетке арнайы хабарландыру жаздым…. Егер өзiмдi сыйлап, құрметтейтiн жандар ақша жинап берсе, түгелдей ауру, жетiм балаларға беремiн. Баяғыдан солай келе жатырмын, солай жасаймын…. Мемлекеттiк сыйлықтарды да студенттерге, жетiм балаларға үлестiрдiм…. Кейбір азаматтар мені Дон Кихот дейді екен.

***

Тойды қойып, өлім-жітімге де тойда дастарқан жайғандай жаямыз. Өлімде аста-төк шашылып, дастарқан жаю дегеніңіз – бұл енді тіпті асқандық. Адамы өліп, азалы болып жатқан сол үйді дастарқанына қарап сынап кететіндер де бар. Мұның барлығы білімсіздіктен, даңғойлықтан туындап жатқан көріністер. Сондықтан қазақ дамимын десе, мұндайды шектеу керек. Қазір тойшылдықтың заманы емес, қазір ойшыл болған елдер ұтады. Сондықтан қоғамның ойлау қабілетін жетілдіруге күш салғанымыз абзал.

***

Озық білім, жоғары мәдениет, үлгілі еңбек тұрғысынан өзара бәсекелестікке түсу ойымызға келе бермейді, ал тойға келсек, бәсекеге бел шешіп түсетініміз неліктен?

***

Абайдың мерейтойын атап өтіп, ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтып, түрлі челлендж өткіздік. Бірақ біз Абайдың айтқанын, тым болмаса бір ақылын орындасақшы. Ұлы ақынның рухы марқайып қалар ма еді. Бағымызға туа біткен Абай біз қалай ел боламыз деп қаншама ұйқысыз түндер өткізген болар.

***

Адам жасы келген сайын тiршiлiкте көрген-бiлгенi мен оқыған-тоқығанын, iлгенi мен бiлгенiн, жылдап жиған абырой-беделiн кезi келген уақытта жақсы бiр қасиетке, жақсы қартаюға бағыттағаны жөн. Яғни, ол әулеттiң, елдiң ақсақалы болуға дайындалуы керек… Елуден асқан соң жақсы қартаюды болжай бiлген жақсы.

***

Жастың мазасын алып, «өйтпе, бүйтпе» деп, буынсыз жерден пышақ ұрып, өзiңдiкiн таңа беру – үлкен қате, қауiп… Оң-солыңды, алды-артыңды бағамда, абыройыңды қашырып алма. Заманы бiрге ақсақал-көксақалдарға қарап, менiң көрген-бiлгеннен түйгенiм – осы.

***

Қарт деген сөздi жасы үлкейген кiсiнің бәрiне бiрдей таңа беруге болмайды. Қырқында бүкшиiп, шал болған жасықтар мен сексенiнде жiгiт күнiндегiдей ат арқасында шынардай тiп-тiк отыратын сүйегi асылдар бiр-бiрiмен қалай теңеседi?!

***

Қария болуға да күш керек. Қария мен ақсақалдық – үлкен дәреже. Ақсақалдық жасқа байланып қалған категория емес. Қырыққа жетпей шал болатыны сияқты, халыққа қызметi мен қадiрi өткендер, өнегесi мен үлгiсiмен елдi соңынан ерте бiлген, жақсылығы көпке ортақ азаматты қырықта да, елуде де ақсақал деңгейiнде қадiрлеп, қастерлейдi. Демек, жасы ұлғайған кiсiлердiң үш түрi болады. Шал, қария және ақсақал. Шал – шалақай, қария – қадiрлi, ақсақал – абыройлы деген сөз.

***

Бұрынғының ақсақалы қандай! Айтса, әңгiмесi жүйелi, жүрiс-тұрысы ұнамды, болмысы бекзат. Бiрауыз сөзiне көптi ұйытып, бiрауыз сөзiмен елдi көшiрiп-қондыратын. Ол – қаймағы бұзылмаған заманның тәлiмi едi.

Дереккөз: Еlorda.info


Өзгелердің жаңалығы