Қазақстанда балық қорғау акциясы басталды

29 Наурыз 2019, 18:33
2588
Бөлісу:
Қазақстанда балық қорғау акциясы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Атырау облысында табиғат қорғау және құқық қорғау органдарының қатысуымен «Бекіре – 2019» балық қорғау акциясы бойынша брифинг өтті. Аталған іс-шара 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында өтеді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл сайын бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде құқық және табиғат қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың еркін қозғалуын қамтамасыз ету бойынша, соның ішінде бекіре тұқымдас түрлерінің уылдырық шашу орындарына кедергісіз жетуіне, заңсыз балық аулау мен айналымына жол бермеу үшін бірлесіп жұмыс атқарады.

Балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрлері мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті арасында «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу» туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

Осы бұйрықпен балық қорғау акциясын өткізу барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекеттесу бойынша Үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл Жоспары бекітілді. Үйлестіру штабын басқару АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жүктеледі. 

Акция шеңберінде браконьерлік фактілерінің басым айқындалатын жерлерінде стационарлық, жылжымалы бекеттер және қозғалмалы рейдтік топтар құрылды.

Негізгі күштерді Атырау облысының шегіндегі Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістігінде жұмылдыру көзделген, себебі осы жерлерде жиі браконьерлік фактілері тіркеледі. 

Бұдан басқа, кедендік бақылау бекеттерінде, әуежайларда, вокзалдарда және ірі тасжолдарда Қазақстан Республикасынан тысқары балық өнімдерін шығаруға бақылау жұмыстары қарқындатылып, заңсыз балық айналымы фактілері анықталып, тоқтатылатын болады.

«Бекіре-2018» балық қорғау акциясының нәтижесінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен 1136 табиғат қорғау заңнамасы бұзылғаны анықталды, оның ішінде Атырау облысы аймағында - 731, Маңғыстау облысында - 245, Батыс Қазақстан облысында – 160. 

Әкімшілік жауапкершілікке 864 адам тартылып, 57 қылмыстық іс тіркелді. Сотқа 28 қылмыстық іс жолданып, осы істің аясында 31 заң бұзушы жауапқа тартылды.

Акция нәтижесінде балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 13,3 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынып, бұзушылардан 19,7 тонна балық, оның ішінде 3,8 тонна бекіре тұқымдас балық, 53 дана жүзу және көлік құралдары тәркіленді.
Өзгелердің жаңалығы