Елімізде балаларға СOVID-19-ға қарсы вакцина салу мәселесі әлі шешілген жоқ

16 Шілде 2021, 17:37
4207
Бөлісу:
Елімізде балаларға СOVID-19-ға қарсы вакцина салу мәселесі әлі шешілген жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтты. Оның айтуынша, қазір балалар арасында да індет өршіп тұр.

Әлемде 12 жастан асқан балалар арасында Pfizer вакцинасын салу туралы шешімді АҚШ мамыр айында мақұлдаған болатын. Жаз басталысымен Израильде де аталған вакцинамен балаларды вакцинациялауға кірісті. Польша, Германия, Франция, Ұлыбритания елдері де балаларға екпе салуға дайын отыр. Ал Италия мен Румынияда жасөспірімдерге екпе салынуда.

Pfizer вакцинасын елімізге әкелген соң 12 жастан асқан балаларға екпе салу қолға алынуы мүмкін. Бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Дегенмен, мутацияға ұшыраған «дельта» штамм трансмиссивті, яғни жылдам таралатынын ескеруіміз қажет. Біздің елде де балалар жиі ауруға шалдығып жатыр. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 12-18 жас аралығындағы санатқа кіретін 2 млн-нан астам азамат бар. Бұл үлкен көрсеткіш. Үлкендерді ғана емес, балаларды да қорғауды қолға алуға тиіспіз, - деді комитет төрағасы.

Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салу мүмкіндігі мақұлданған күннің өзінде ата-анасының немесе қамқоршысының рұқсатымен ғана жүргізілетін болады.

Мамандар індеттен тезірек құтылудың ең тиімді жолы – вакцинация екендігін алға тартуда. Бұған дейін кімдердің вакцина салдырудан босатылатындығы туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы