Қазақстанда 6 әуекомпанияның қызметі тоқтатылған

7 Желтоқсан 2020, 18:24
1606
Бөлісу:
Қазақстанда 6 әуекомпанияның қызметі тоқтатылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирустың таралуы және рейстердің тоқтатылуы, әуе тасымалы саласындағы статистикалық көрсеткіштерге теріс әсерін тигізді. Қазақстанда 6 оператордың қызметі тоқтатылды: Jet Airlines, Jenis Air, Azee Air, Phoenix, Qazaq Helicopters, MS AIR KZ.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, жаңа қиындықтарға қарамастан, 2020 жылы азаматтық авиация саласы ұшу қауіпсіздігі деңгейін одан әрі жоспарлы арттыру және негізгі мақсаттарға қол жеткізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. 
2019 жылғы 1 тамызда құрылған Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ұлыбританияның Азаматтық авиация агенттігінің (UK CAA) және EASA моделіне негізделген саланы мемлекеттік реттеудің жаңа тәсілін көрсетеді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің инспекторлары пайдаланушының 43 инспекциялық тексеруін және 8 сертификациясын жүргізді. 6 оператордың қызметі тоқтатылды: Jet Airlines, Jenis Air, Azee Air, Phoenix, Qazaq Helicopters, MS AIR KZ. BekAir, Sigma Airlines әуе компанияларының сертификаттары қайтарып алынды, - делінген хабарламада.

Авиациялық әкімшілік әуе кемелеріне 240 инспекциялық тексеру жүргізді. 

79 азаматтық әуе кемелеріне мемлекеттік тіркеу куәлігі берілді, ұшуға жарамдылық туралы 145 сертификат, 17 авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның сертификаты берілді. 

Әуежайларға 15 инспекциялық тексеру, 20 сертификациялау жүргізілді. 

Авиация персоналына куәлік беру бойынша 2638 мемлекеттік қызмет, авиациялық оқу орталықтарына 13 мемлекеттік қызмет көрсетілді. 

3 авиациялық оқу орталығының қызметі тоқтатылды: Bek Air, Ultuga және Sky School.

Азаматтық авиация саласы биылғы жылғы кездескен қиындықтарға қарамастан, Қазақстанның авиациялық билігі саланы қалпына келтіруге күн сайын күш салуда.

Қазір елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, әуе қатынастарын қалпына келтіру бойынша шаралар кезеңмен қабылдануда. Қазіргі уақытта ішкі тұрақты рейстер толығымен қалпына келтірілді. Сондай-ақ 12 елмен (Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Нидерланды, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет, Ресей, Мальдивтер) аптасына 52 рейс жиілігімен халықаралық рейс орындалады. Бұл коронавирусқа дейінгі халықаралық тасымалдардың жалпы көлемінің 12%-ын құрайды. Коронавирустың таралуына байланысты жағдай жақсарған сайын рейстерді қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасында 788-ден астам әуе кемесі, ал 500-ден астам әуе кемесі шетелде тіркелген және елде пайдаланылады.

2020 жылы қазақстандық әуе компаниялар 70-тен астам репатриациялық рейсті орындады. Шамамен 11 мың жолаушы тасымалданды. Авиация билігінің, сондай-ақ эвакуацияға қатысқан экипаж мүшелерінің, әуе компания басшылығы мен қызметкерлерінің, жердегі қызметтердің үйлесімді жұмысы мен кәсібилігінің арқасында азаматтар ҚХР-дан (Ухань және Сиань қ.), Ресей, Грузия және басқа елдерден эвакуацияланды. Азаматтық авиация күштері біздің отандастарымызды – Еуропа елдерінен студенттерді, қазақстандық туристерді және шет елдердегі транзиттік азаматтарды елге қайтару жұмыстарын ұйымдастырды.

55 гуманитарлық рейс (тұрақты және чартерлік) орындалды және 555 тоннадан астам жүк (өкпені жасанды желдендіру аппараттары, маскалар, костюмдер, жедел тесттер, қажетті дәрі-дәрмектер) тасымалданды. Барлық рейс күшейтілген санитарлық қауіпсіздік жағдайында орындалды.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) бағалауы бойынша тасымалдау көлемін 2019 жылғы деңгейге дейін толық қалпына келтіру 2023 жылдан ерте болмайды. Сонымен қатар IATA 2020 жылы жолаушылар ағыны деңгейінің төмендеуінен саланың кіріс шығынын 252 миллиард АҚШ долларына бағалайды. Отандық азаматтық авиация ұйымдарының шығындары шамамен 356,7 млрд теңгені құрайды.

Өзгелердің жаңалығы