Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензия алған

24 Қараша 2021, 10:34
1010
Бөлісу:
Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензия алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда таныстырылды.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов атағандай, заң жобасында заңнамалық базаның халықаралық талаптары мен стандарттарға сәйкес келтіру, биржалық сауданы дамыту бойынша толықтырулар кешені көзделген. Оларды іске асыру орнықты және бәсекеге қабілетті отандық сауданы қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Министр заң жобасының негізгі бөлімдерін түсіндіріп өтті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензия алған. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес биржалық келісімдердің саны 2019 жылы 1 119-дан 2020 жылы 48 мың келісімге дейін, яғни 50 есеге өсті. Бұл ретте жетекші үш тауар биржасының биржалық сауда-саттық көлемі 2020 жылы 291 млрд теңгені, яғни барлық сауда-саттық көлемінің 30%-ын құрады, - деп айтты ведомство басшысы.

Оның сөзінше, тұрақты биржалық саланы қалыптастыру мақсатында заң жобасында тауар биржаларының екі деңгейлі жүйесін енгізу ұсынылады. Бірінші деңгей – сауда-саттықты биржалық тауарлармен жүзеге асыратын тауар биржалары үшін жарғылық капиталды 700 мың еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту көзделген.

Екінші деңгей – стандартталмаған тауарлармен ғана сауда-саттықты жүзеге асыратын тауар биржалары үшін талаптар бұрынғы деңгейде қалады. Яғни жарғылық капиталдың ең аз мөлшері 300 мың еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Биржалардың түрлі тармақтарға бөлінуі биржалық сауданы жетілдіруге және дамытуға серпін береді. Яғни тек стандартталмаған тауарлармен сауда-саттықты жүзеге асыратын биржалар басқа қатысушылармен шоғырланып, қызметтер спектрін кеңейтіп, олардың сапасын жақсарту және көлемін ұлғайту арқылы өз потенциалын арттыруға тырысады, - дейді Бақыт Сұлтанов.

Өзгелердің жаңалығы