Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті

25 Қараша 2020, 22:45
1321
Бөлісу:
Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бойынша Қазақстан мен Моңғолияның үкіметаралық комиссиясының 8-отырысы онлайн тәртіпте өтті.

Комиссияның қазақстандық жағын Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, монғол жағын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аюушиин Ариунзаяа басқарды.

Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың болашағы, ауыл шаруашылық, инвестиция, кәсіпкерлік, көлік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, стандарттау және метрология, мәдениет, спорт, туризм, білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттары және екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелері талқыланды.

Екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында тараптар бірлесе көрмелер, дөңгелек үстелдер мен жәрмеңкелер өткізіп тұру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің, атап айтқанда екі елдің ғылыми-зерттеу ұйымдарының өзара әрекеттестігінің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, туризм және мәдениет мәселелерін көтере отырып, осы салалардағы ынтымақтастықтың келешегі бойынша пікір алмасты. Бұл ретте, КОВИД-19 пандемиясына байланысты туындап тұрған күрделі эпидемиологиялық ахуал тұрақталғаннан кейін «Нұр-Сұлтан – Ұлан-Батыр» және «Алматы – Ұлан-Батыр» тікелей әуе рейстерін, сондай-ақ «Өлгий – Алматы – Өлгий» бағдарымен автобус қатынасын, бірлесе мәдени-гуманитарлық іс-шараларды өткізу практикасын қалпына келтіру мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесудің қорытындысымен Хаттамаға қол қойылды. Үкіметаралық комиссияның келесі отырысы 2022 жылы Ұлан-Батырда өткізіледі. 

Өзгелердің жаңалығы