Қазақстан мен Ресей трансшекаралық өзендерді пайдаланудың Жол картасын бекітті

29 Қазан 2020, 22:50
2912
Бөлісу:
Қазақстан мен Ресей трансшекаралық өзендерді пайдаланудың Жол картасын бекітті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықты және экономика салаларын сумен қамту, ластануың алдын алу, трансшекаралық өзендер суының таусылуы және тағы басқа мәселелер Новосибирск қаласында өткен Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей Бірлескен комиссиясының отырысында талқыланды.

Кездесуге тараптардың тең төрағалары Қазақстан Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев пен Ресей Федерациясы Су ресурстары Агенттігі басшысының орынбасары Вадим Никаноров қатысты. Сонымен қатар жиында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының министрліктері, су шаруашылығы мекемелер, гидрометеорологиялық қызметі, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да ұйымдарының өкілдері болды.

Айта кетейік, Бірлескен комиссия жұмысы Тараптардың тең төрағалығымен жүзеге асырылады.

Жиналыста екі ел арасындағы трансшекаралық өзендердің барлық бассейндері бойынша жұмыс топтары жетекшілерінің баяндамалары тыңдалды. Тараптар биылғы көктемгі су тасқыны туралы, су қоймаларын толтыру және халық пен экономика салаларын сумен қамтамасыз ету жағдайлары, су ресурстарының ластануы мен сарқылуын болдырмау туралы ақпарат алмасты. Жайық өзенінің экологиялық жағдайы және гидрологиялық режимін жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысында Жайық, Ертіс және басқа ірі өзендер бассейндеріндегі зерттеулер жүргізуге ынтымақтастықты арттыру үшін Бірыңғай жол картасы бекітітілді.

Еске салайық, Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын ортақ құрлықтағы шекара арқылы ғана емес, Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Қараөзен және Сарыөзен, Қиғаш секілді ортақ трансшекаралық өзендер арқылы да байланысады.

Қос мемлекет арасындағы су қатынастары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2010 жылғы 7 қыркүйектегі трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісім негізінде реттеледі. Осы Келісімге сәйкес трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей Бірлескен комиссиясы және Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Қараөзен және Сарыөзен, Қигаш өзендерінің бассейндері бойынша 6 жұмыс тобы жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы