Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері ортақ жаттығулар өткізеді

5 Қазан 2021, 16:33
16717
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері ортақ жаттығулар өткізеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 29 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Ішкі істер минстрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бастаған ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының делегациясы Өзбекстан Республикасында іссапармен болды.

Сапар өзбекстандық тараптың шақыруымен қызметтік-жауынгерлік әрекет бойынша тәжірибе алмасу және әр түрлі салада екіжақты ынтымақтастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Қазақстандықтар алдымен Өзбекстан Ұлттық ұланының Орталық аппаратында болып, қолбасшы генерал-майор Рустам Джураевпен кездесті. Жүздесу барысында бірқатар келісім бойынша келіссөздер өткізіліп, құжаттарға қол қойылды.

Тараптар әңгіме-дүкен барысында негізгі мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, маңызды мемлекеттік нысандар мен жүктерді күзету, екі ел арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің біріккен арнайы-тактикалық жаттығуларын, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық ұлан Әскери институтымен білім беру бағдарламасын іске асыру бойынша тәжірибе алмасу сұрақтары әңгіме арқауы болды, - делінген ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарламасында.

Сапар аясында ҚР Ұлттық ұлан делегациясы Қоғамдық қауіпсіздік университетінде, Арнайы оқу орнында, Ташкент қаласының күзету бөлімін, Кавалериялық эскадронда және тағы басқа нысандарда болып, қызметтік-жауынгерлік әрекеттің әр түрлі мәселелері бойынша Өзбекстан Ұлттық ұланының тәжірибесімен танысты.

Делегация басшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов ықпалдастық жоспарына қол қою кезінде екі жақты ынтымақтастықты дамыту, нығайту және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара әрекеттесу әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.

Тараптар Қазақстан Ұлттық ұланы өкілдері кинологтарының жеке-командалық жарыстарына, бақылаушы ретінде күрең берет квалификациялық сынақтарына қатысуға, сонымен қатар таулы және арнайы-тактикалық дайындық бойынша Қазақстан және Өзбекстан Ұлттық ұландарының арнайы мақсаттағы жауынгерлері арасында тәжірибелік семинар-жиналысын өткізу туралы келісімге қол жеткізді.

Бұдан бөлек Өзбекстан Ұлттық ұланының басшылығы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған әскери-үрмелі оркестрлер арасындағы халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней – 2022» фестиваліне және ҚР Ішкі істер минстрінің кубогіне арналған жекпе-жек ұрыс бойынша Халықаралық турнирге қатысуға ынта танытты.

Өзгелердің жаңалығы