Қазақстан мен Өзбекстан Арал проблемасына қатысты мәселелерді талқылады

25 Қазан 2021, 09:44
10282
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстан Арал проблемасына қатысты мәселелерді талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ташкентте Қазақстан Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Өзбекстан Олий Мажлисі Сенаты төрағасының бірінші орынбасары Содик Сафоевпен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың Өзбекстанға ресми сапары аясында қабылданған «2021-2022 жылдарға арналған парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасын» іске асыру барысы талқыланды.
Сұхбаттасу кезінде тараптар туризм, экология, су ресурстарын басқару, инвестиция салаларындағы екіжақты байланыстың құқықтық базасын жетілдіру бойынша өзара іс-қимыл мәселелеріне баса мән берді. Шекара маңындағы ынтымақтастықты арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту және Арал проблемасына қатысты мәселелерге де ерекше назар аударылды, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар кездесуде екі елдің Сенаттары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның осыған дейін өткен отырысының хаттамасына қол қойылды.

Іс-шараға қазақстандық сенаторлар Ақмарал Әлназарова мен Әлімжан Құртаев қатысты. Олар Өзбекстанға ЕҚЫҰ ПА мен ТМД ПАА-ның байқаушылар миссиясы құрамында елдегі президент сайлауына мониторинг жүргізу үшін барған болатын.

Ташкентке президент сайлауына байқаушы ретінде барған Сенат Вице-спикері сайлау алдындағы іс-шаралар аясында Өзбекстан Олий Мажлисі заң шығару Палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловпен және Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаевпен кездесті.

Сондай-ақ вице-спикер халықаралық байқаушылармен, атап айтқанда ЕҚЫҰ ПА-ның төрағасы Маргарет Седерфельтпен кездесті. Онда Орталық Азия елдерінде орнықты даму мақсаттарын одан әрі дәріптеу мәселесі және Ауғанстандағы ахуал сөз болды.

Өзгелердің жаңалығы