Бас жаңалықтар
Қазақстан мен Моңғолия экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді
11 Мамыр 2021, 22:35 339

Қазақстан мен Моңғолия экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Анхбаяр Нямдоржбен кездесті.

Кездесу басында отандық дипломат Қазақстан Республикасының Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының мамандары әзірлеген коронавирусқа қарсы отандық вакцина «QazVac» туралы хабарлай отырып, қазіргі уақытта «QazVac» Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тізілімінің тіркеуінен өтуде екенін мәлімдеді.

Елші моңғол тарапына «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде одан әрі демократияландыруға және азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесуге бағытталған кезең-кезеңімен Қазақстанда жүргізіліп отырған саяси реформалар туралы мәлімет берді. Сондай-ақ, ол аталған реформалар Қазақстанның саяси жүйесінің одан әрі институционалдық дамуы мен адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін баса айтты.

Бұдан басқа, Ж.Әділбаев саяси құжаттарды әзірлеудің халықаралық тәжірибесі негізінде қабылданған 2020-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасы туралы қысқаша айтып өтті. Бұл Тұжырымдама елдің сыртқы саясатының жаңа қағидалары, оның ішінде тұрақты, әділ және демократиялық әлемдік тәртіпті құруды, мемлекеттің сыртқы ашықтығы және халықаралық деңгейдегі қауіпсіздік пен дамудың ажырамас байланысын ілгерілетуді қолдау қарастырылғаны жеткізілді.

Сонымен қатар, жоғары және жоғарғы деңгейлердегі саяси диалогты жандандыру, сондай-ақ БҰҰ, АӨСШК, ЕҚЫҰ, МАГАТЭ және ДСҰ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберіндегі бастамаларға өзара қолдау көрсету мәселелері бойынша сындарлы пікір алмасылды.

Өз кезегінде Н.Анхбаяр моңғол тарапы халықаралық ұйымдар шеңберіндегі Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Моңғол дипломаты екіжақты ынтымақтастық аясында сауда-экономикалық саладағы нақты бірлескен жобаларды ілгерілету және жаһандық коронавирус пандемиясы салдарынан тоқтатылған тұрақты әуе қатынастарды біртіндеп қалпына келтіру мүмкіндіктерін қарастыру қажет екенін баса айтты.

Тараптар Қазақстан мен Моңғолияның арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін жеткілікті ресурстар бар екеніне келісті.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...