Қазақстан мен Қытайдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ынтымақтастық орнатты

12 Қазан 2019, 18:17
2666
Бөлісу:
Қазақстан мен Қытайдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ынтымақтастық орнатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан-Қытай сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХР мемлекеттік қадағалау комиссиясының төрағасы ЯН Сяодамен кездесті. Кездесу барысында Алик Шпекбаев қытайлық әріптесін Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі ережелері мен агенттік қызметі туралы хабардар етті. Қытай делегациясының басшысы агенттік қызметіне оң баға берді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы мемлекеттік қадағалау комиссиясы жұмысы мен қол жеткізген нәтижелері туралы айтты.

Атап өтсек, мемлекеттік қадағалау комиссиясы тергеу және тергеу әрекеттерін жүргізу өкілеттігіне ие. Комиссияға ҚХР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бақылау министрлігі мен мемлекеттік басқармасы кірді. ҚХР Конституциясына енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, мемлекеттік қадағалау комиссиясы органдары мемлекеттік билікті білдіретін барлық қызметкерлерді қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті. Қадағалау органдары Халық өкілдері жиналысының мүшелерін де бақылайды, ал аталған жиналыс депутаттары қадағалау органдарының өз міндеттерін адал атқаратындығын анықтайды, бұл қос қадағалау тетігін қалыптастырады.

"Тиімді әріптестік орнату мақсатында тараптар Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ол бірлескен жобаларды іске асыруды жандандыруға, ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кездесу аясында агенттік қызметкерлерін ҚХР Тәртіптік бақылау және қадағалау академиясында оқыту, аталған академияның Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен ынтымақтастығы мәселелері талқыланды", - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Өзгелердің жаңалығы