Қазақстан мен Қырғызстанды жалғайтын оңтүстік айналма жол пайдалануға берілді

10 Шілде 2021, 00:25
1610
Бөлісу:
Қазақстан мен Қырғызстанды жалғайтын оңтүстік айналма жол пайдалануға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында Тараз қаласы мен Қырғызстан шекарасын жалғайтын ұзындығы 16 шақырым айналма жол қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Жаңа автомагистральдің құрылысы көлік қатынасын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.

Соңғы жылдары Жібек жолы көшесіндегі теміржол арқылы өтетін көлік ағыны 3 есеге артып, кептеліс жиілеп кеткен еді. Бұл мәселе көпірді қалпына келтіріп, облыс орталығынан Қырғыз елінің шекарасына дейін жететін айналма жол салу арқылы шешілді.

Жаңа жолдың ұзындығы 16 шақырым 100 метр. Оның құрылысына, шамамен, 4 миллиард теңге жұмсалды. Енді жүргізушілерге негізгі жолға жету үшін Тараз қаласы арқылы жүрудің қажеті жоқ. Автомагистральдің ашылу салтанатына аймақ басшысы мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңа автомагистраль арқылы тәулігіне 3-тен 7 мыңға дейін көлік қатынай алады. Бұл Тараз қаласы мен облыс тұрғындары үшін кедергісіз көлік қатынасын қамтамасыз етуге септігін тигізбек. Сондай-ақ транзиттік жүк көліктері де кеден бекеттерінен тез әрі қауіпсіз өте алады, – делінген мәліметте.


Өзгелердің жаңалығы