Қазақстан мен Корея сарапшылары энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылап жатыр
19 Қараша 2021, 11:47 159

Қазақстан мен Корея сарапшылары энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылап жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстан мен Корея арасындағы энергетика және ресурстар саласындағы ынтымақтастық бойынша семинар өтті.


Соңғы жылдары энергетикалық парадигма тез өзгеріп жатыр. Өйткені коронавирус инфекциясының таралуына және инфляцияға байланысты экономиканың қалпына келуі баяу жүруде.  Жақында әлемнің түкпір-түкпірінен келген көшбасшылар жаһандық жылыну сияқты климаттың өзгеруімен күресу үшін Англияның Глазго қаласына жиналды. Іс-шарада Корея мен Қазақстан үкіметтері көміртегінің орнын толтыру бойынша нақты іс-қимыл жоспарларын, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерін жариялады, - деді Ку Хонг-Сок семинарда.

Дипломаттың сөзінше, 2030 жылға қарай Корея көмірмен жұмыс істейтін электр энергиясын өндіруді қысқарту және жаңартылған энергия көздерін пайдалануды кеңейту арқылы 2018 жылмен салыстырғанда парниктік газдар шығарындыларын 40%-ға азайтуды жоспарлап отыр.  
Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға дейін ұлғайтып, көмір тұтынуды азайтуды көздеп отыр. Көміртекті бейтараптандыру нөлдік эмиссиялық энергия жүйесіне көшуді білдіреді.  Осыған байланысты жаңартылатын энергия көздерін және атом энергиясын пайдалануды кеңейту оны жүзеге асырудың негізі болып есептеледі. Менің білуімше, Қазақстан да экологиялық таза атом электр станциясын салу қажеттілігін зерттеп жатыр, - деді ол.

Елші екі елдің энергетика саласындағы байланысына тоқталды.
Болашақта қазақстандық атом электр стансасының құрылысына ядролық энергетика, технология және қауіпсіздік саласында әлемдік тәжірибесі жоғары оңтүстіккореялық компаниялар атсалысатынына сенімдімін. Нәтижесінде біз халықтың энергетикалық әл-ауқатын арттыра отырып және Қазақстан Үкіметінің 2060 жылға қарай көміртекті залалсыздандыру мақсатын дамыта отырып, қауіпсіз және үнемді атом электр станциясын сала аламыз. Атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтан басқа, күн және жел энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздері, газбен жұмыс істейтін электр қуатын өндіру және бай табиғи ресурстарды пайдалана отырып, өнеркәсіптік ынтымақтастық сияқты болашақта әртараптандырылып, дамуы қажет ынтымақтастықтың көптеген бағыты бар, - деп атап өтті Ку Хонг-Сок.

Дипломат екі елдің сарапшыларымен энергетика және ресурстар саласындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылау мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты екенін айтты.  
Қазақта «Қосылғанның қолы ұзын, қос керуеннің жолы ұзын» деген мақал бар. Екі елдің энергетикалық және ресурстық ынтымақтастығын талқылауға арналған бүгінгі іс-шара одан әрі дамып, энергетика мен ресурстар саласындағы болашақ ынтымақтастықтың өкілді оқиғасына айналады деп сенемін. Келесі жылы Корея мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толады.  Екі ел жылды «Өзара мәдени алмасу жылы» деп жариялап, түрлі мәдени байланыс шараларын әзірлеп жатыр, - деп түйіндеді елші өз сөзін.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...