Бас жаңалықтар
Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 4 млрд доллардан асты – елші
05 Қазан 2021, 16:30 11275

Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 4 млрд доллардан асты – елші

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 4 млрд доллардан асты. Бұл туралы Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-сок мырза мәлімдеді.

Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан Кореямен арадағы сауда және инвестиция көлемі бойынша жетекші ел. Ал Қазақстан үшін Корея көлемі бойынша төртінші сауда серіктесі.

Елші баяндағандай, Қазақстан мен Корея пандемиядан туындаған дағдарысты абыроймен еңсеріп келеді. Былтыр тауар айналымы 4 млрд доллардан астам деңгейге жетті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 300-ден астам корей компаниясы жұмыс істейді. Қазақстанның жолдарында жүрген көптеген корей автокөлігін көруге болады. Ал корейлік смартфондар мен тұрмыстық техника өнімдері шамамен әрбір үйде, әрбір оқу орнында, кеңседе бар. Кореялық компаниялар Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына өз үлесін қоса отырып, жергілікті жұмысшылармен және іскер серіктестермен үлгілі іскерлік әріптестік қатынасты дамытуға ұмтылады, - деді Ку Хонг-сок.

Сонымен қатар Корея елшісі атап өткендей, биыл Қазақстан көлемі бойынша төртінші ядролық держава мәртебесінен бас тарту және ядролық сынақ полигонын жабу туралы аса күрделі шешім қабылдағанына 30 жыл толады.

Тамыз айында өткен Мемлекет басшыларының кездесуінде екі көшбасшы Корея Республикасы Үкіметінің Корей түбегіндегі бейбітшілік процесін ілгерілетуге бағытталған тұрақты күш-жігерін жоғары бағалады. Екі апта бұрын ғана өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында екі көшбасшы да халықаралық қоғамдастықты ядролық қарусыздануға күш салуға шақырды. Бейбітшілік пен бірлесе өркендеу үшін ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешім қабылдаған Қазақстан үлгісі Корей түбегінде бейбітшілік орнатуға жақсы басшылық болады деп санаймын, - деп айтты дипломат.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...