Қазақстан мен Кирибати бірлескен мәлімдеме жасады

16 Қазан 2021, 12:10
7531
Бөлісу:
Қазақстан мен Кирибати бірлескен мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетінің отырысында Семей сынақ полигоны жабылуының 30-жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Кирибати Республикасы Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (ЯҚТСШ) аясындағы оң міндеттемелерін қолдайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Кирибати – Тынық мұхиттегі аралдық мемлекет, ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында АҚШ мен Ұлыбритания жүргізген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен, - делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Аталған шарттың оң міндеттемелері ядролық сынақтардан кейінгі радиациядан зардап шеккен азаматтарды оңалту және қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша көмек шараларын көздейді.

ЯҚТСШ 2017 жылдың 7 шілдесінде 122 мемлекеттің қолдауымен қабылданып, 2021 ж. қаңтарында күшіне енді (50 мемлекет ратификациялаған кейін).

Бұл құжат ядролық қаруды заңсыз деп жариялайды, оның толық жоюына жолындағы маңызды қадам болып табылады. Қазақстан Шартты әзірлеу бойынша келіссөздерге белсенді қатысты, ал 2019 ж. 29 тамызда 26-шы мемлекет ретінде БҰҰ хатшылығына ратификация құжатын енгізді, соның арқасында оның күшіне енуіне жаңа серпін берді.

Өзгелердің жаңалығы