Eni компаниясы Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамытады

26 Шілде 2021, 16:33
3350
Бөлісу:
Eni компаниясы Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамытады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Мамин Eni энергетика компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

Eni компаниясы Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді және Қазақстан экономикасына $15 млрд астам инвестиция салды.

Тараптар Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай мен конденсат өндіру деңгейін арттыру және оны сақтау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздері жобаларын дамыту мәселелерін талқылады.

Премьер-министр Асқар Мамин Eni Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктесі екенін атап өтіп, компанияның Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын игеруге, сондай-ақ Исатай және Абай кен орындарында барлау жұмыстарын жүргізуге қосқан үлесін атап өтті.

Eni компаниясы еліміздегі энергетикалық көшу және көміртексіздендіру жобаларына қомақты үлес қосуда. Осы бағыт аясында бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Ақтөбе облысында қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы бойынша жоба іске асырылуда және Түркістан облысында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы аяқталуда.

Үкімет басшысының қатысуымен бірқатар құжатқа қол қойылды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Eni компаниясы арасында электр энергиясын өндіру және іске асыру үшін энергетикалық көшу жобаларын әзірлеудегі ынтымақтастық туралы және Қазақстанда ауыл шаруашылығы және сутегі жобаларын дамыту туралы меморандумдарға қол қойылды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Қазгеология» АҚ мен Eni компаниясы арасында ел аумағында жер қойнауын пайдалану жобаларын бірлесіп іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 



Өзгелердің жаңалығы