Бас жаңалықтар
Қазақстан мен БҰҰ есірткіге қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуда
10 Сәуiр 2021, 19:04 240

Қазақстан мен БҰҰ есірткіге қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымы Есірткі және қылмыс басқармасының (ЕҚБ) делегациясы Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өкілдерімен келіссөздер жүргізді. 

Тараптар бірлескен жобалардың іске асырылу барысын талқылап, трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, адам саудасына, сыбайлас жемқорлыққа және терроризмге қарсы күрес, басқа да салалар бойынша ынтымақтастықты нығайту жоспарларын белгіледі.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Қайрат Саржанов БҰҰ ЕҚБ-ның Орталық Азиядағы Өңірлік өкілі Ашита Митталмен онлайн форматта өткен кездесуі барысында қазақстандық тараптың ЕҚБ ұйымдастырып жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысып отырғанын баса айтып, еліміздің құқық қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған ынтымақтастықтың басым бағыттарын одан әрі іске асыруға бейілділігін растады.

ЕҚБ өкілі Қазақстанның құқық қорғау саласындағы қарқынды жұмыстарына жоғары баға беріп, ЕҚБ-ны елімізде жүзеге асырып жатқан ішкі істер органдарын реформалау, пенитенциарлық жүйенің қызметін жетілдіру, халықаралық стандарттар мен тәжірибені енгізу бойынша жобалары туралы жан-жақты хабардар етті, сондай-ақ адам саудасы және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және басқа да салалардағы өзара іс-әрекетті кеңейту перспективаларын атап өтті.

Сонымен қатар келіссөздер барысында Алматыда орналасқан Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО) шеңберіндегі ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы талқыланды. Нәтижесінде Орталықтың әлеуетін және нормативтік-құқықтық базасын нығайту мақсатында ОАӨАҮО-ға қатысушы мемлекеттердің және оған серіктес елдердің жұмыстарын ЕҚБ-мен үйлестіруді жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...