Мектептердегі қоңырауды домбыра күйлерімен ауыстыру ұсынылды

27 Шілде 2021, 16:24
6357
Бөлісу:
Мектептердегі қоңырауды домбыра күйлерімен ауыстыру ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев министрліктің аппарат жиналысында мектептердегі қоңырауларды шертпе және төкпе күйлерімен ауыстыруды ұсынды.

Ол алдымен мектеп пен ата-ананың байланысына енгізілетін өзгеріс туралы айтып берді.

Былтырғы нәтиже көрсеткендей, мектептің ата-аналармен байланысына жаңа көзқарастың қажеттілігі туындап отыр. Өйткені пандемия кезінде ата-аналардың балалармен, мектеппен байланысының қажеттілігі сезілді. Осыны ескере отырып, академия ғалымдары мектеп пен ата-ана арасындағы байланысқа назар аударуды ұсынып отыр, - деді Бейсембаев.
Ол әдістемелік нұсқаулыққа бірнеше ұсыныс енгізілгенін айтты.
Енді оқушының білім сапасы бұрынғыдай тек мұғалімнің мойнында болмай, оған ата-аналарды да тарту жұмысы көрініс тауып отыр, - деді ол.
Сонымен қатар оқушылар мен мұғалімдер арасында қарым-қатынасқа жаңа көзқарас қажет екендігі байқалып отыр. Бұл коммуникативтік қабілеттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Мысалы, мұғалімді аты және әкесінің атымен атау – Айгүл Қапарқызы немесе Айгүл ханым, ер мұғалімдерді, мысалы Самат Болатұлы немесе Самат мырза. Сонымен қатар ғалымдардан балалардың психологиялық ерекшелігін ескере отырып биыл қоңырауды шертпе және төкпе күйімен ауыстыру ұсынысы түсіп отыр. Психологтардың айтуынша, мектептерде қатты дауыспен соғылып жүрген қоңырауға қарағанда домбыра күйлерін қосу баланың нерв жүйесінің сақталуына жақсы әсерін тигізеді, - деп атап өтті Ғани Бейсембаев жиналыста.
Ол әдістемелік нұсқаулық құжатқа мектептерге күйлердің тізімі қоса жіберілгенін айтты.

Айта кетейік, бүгінгі шара барысында қыркүйектен бастап оқытылатын Әліппенің ерекшелігі айтылды.
Өзгелердің жаңалығы