Қазақстан мектептері 2021 жылы 12 жылдық білім беруге көшеді

21 Қазан 2019, 14:23
4506
Бөлісу:
Қазақстан мектептері 2021 жылы 12 жылдық білім беруге көшеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мектептері 2021 жылы 12 жылдық білім беруге көшеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

Мәжіліс депутаты Сергей Симонов 12 жылдық білім беруге көшу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ата-аналар мен балаларға елімізде қандай жүйе бойынша оқытылатыны түсініксіз.
"Бүгінде балалардың да, ата-аналардың да мектептерде не енгізіліп жатқаны, не үйрететіні жайында басы қатып  жүр. Елімізде қандай білім беру жүйесі?  11 жылдық па, әлде 12 ме? 11 жылдық білім беру кезінде бала орта білімді білу үшін репетиторларды жалдау қажет болса, 12 жылдық білім берудің әсері қандай болмақ? Осылайша балаларымыз мектепте емес, үйде көбірек оқиды", - деді депутат.

Бұл сұраққа жауап берген Аймағамбетов Қазақстанда 11 жылдық білім беру жүйесі екенін айтты. 
"Өздеріңіз білесіздер, жаңартылған бағдарламалар 2015 жылы бекітілгенде дәл осы 11 жылдық мектептің 1-11 сынып аралығындағы бағдарламалары бекітілді. Тиісінше, қазір жаңартылған бағдарламалар енгізіліп жатыр. Сыныптардың 95% өтті. Келер жылы 11-сыныпты көшіру жоспарланып отыр. Қазір осы сыныптардың көшуі өте маңызды. Алдын ала дайындықсыз 12-сыныпты енгізер болсақ, бұл сынып мектеп инфрақұрылымына, педагогтарды дайындауға, жаңа оқулықтар шығаруға және тағы басқа үлкен жүктемені білдіреді.  Бұдан біз үлкен мәселелерге тап боламыз", - деді ол.
Білім министрі барлық 11-сынып жаңартылған оқу бағдарламасына ауысқаннан кейін 12 жылдық білім беруге көшу жоспарланып отырғанын айтты.
"Ұлт жоспарында көрсетілгендей, елімізде 12 жылдық бідім беру енгізіледі. 1-11 сыныптар толығымен жаңа бағдарламаларға көшкеннен кейін ғана 12 жылдыққа көшуді бастауымыз керек. 2021 жылы көшеміз деген жоспар бар және оны мемлекеттік бағдарлама жобасына қосып отырмыз", - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы