Қазақстан-Литва тауар айналымы 481,6 млн АҚШ долларын құрады

6 Қыркүйек 2021, 20:36
2302
Бөлісу:
Қазақстан-Литва тауар айналымы 481,6 млн АҚШ долларын құрады

Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 6 қыркүйекте бейнеконференция режимінде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва үкіметаралық комиссиясының 13-отырысы өтті. 

ҚР СІМ хабарлауынша, қазақстандық делегацияны Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, литвалық делегацияны – Экономика және инновациялар министрі Аушрин Армонайте басқарды.

Отырыс барысында екі елдің бірқатар негізгі министрлік өкілдері көлік және логистика, АКТ, ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік қызметті реттеу, сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны кеңейту сияқты салалардағы өзекті мәселелерді, перспективалар мен жаңа бағыттарды талқылады.

COVID-19 пандемиясына және тауарларды жеткізудің дәстүрлі тізбегінің бұзылуына қарамастан, Қазақстан мен Литва арасындағы жүк тасымалдау көлемі 2020 жылдан бергі кезеңде өскенін көрсетті. Мәселен, 2021 жылы 6 ай ішінде 78%-ға өсіп, 694,2 мың тоннаны құрды.

Қазақстан-Литва тауар айналымы 481,6 млн АҚШ долларын құрады

2020 жылдың қорытындысы бойынша біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 2019 жылмен салыстырғанда 16,6%-ға (413,2 млн АҚШ доллары) ұлғайды және негізінен мұнай мен электроника саудасының өсуіне байланысты 481,6 млн. АҚШ долларын құрады. 2021 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстаннан Литваға экспорт 66,6%-ға төмендеп, 89,1 млн АҚШ долларын құрды. Экспорттың негізгі төмендеуі мұнай мен металдар жеткізілімінің қысқаруы есебінен болды, - деді Қайрат Төребаев.

Бұдан басқа көлік саласында тараптар жақын арада Әуе қатынасы туралы Қазақстан-Литва үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасын келісуді аяқтауға келісті, бұл Wizz Air Hungary Ltd авиакомпаниясына Вильнюс - Нұр-Сұлтан - Вильнюс және Вильнюс – Алматы - Вильнюс бағыттары бойынша тұрақты авиарейстерді іске қосуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Комиссия отырысы барысында тараптар литвалық AVIA Solutions Group компаниясы атынан BAA Training компаниясы мен «Азаматтық авиация академиясы» АҚ арасында PART FCL мектебін құру және академияны ұшқыштарды оқыту бойынша EASA сертификатын алуға дайындау туралы шарт жасасу мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Жұмыс қорытындысы бойынша Қазақстан-Литва ҮАК 13-отырысының хаттамасына қол қойылды. Ол алдағы жылы Нұр-Сұлтан мен Вильнюстің өзара іс-қимылының өзіндік «жол картасы» болады.

Қазақстан Литваның әлемдегі ең ірі сауда серіктестерінің жиырмасына кіретінін естеріңізге сала кетейік. 

Соңғы жылдары коронавирустық пандемияның теріс әсеріне ұшырамайтын екі ел арасындағы электрондық сауданың өсуі байқалды.

Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымының көлемі ҚР-ның Балтық және Солтүстік Еуропа елдерімен саудасы бойынша деректермен салыстырғанда аса ірі көрсеткішке ие.

Өзгелердің жаңалығы