Қазақстан Қырғызстанға әскери мүлік береді
25 Қараша 2021, 10:29 60

Қазақстан Қырғызстанға әскери мүлік береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды.

Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаевтың айтуынша, Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімге 2021 жылғы 2 наурызда Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қол қойылды.

Келісім қырғыз тарапына әскери мүлікті, атап айтқанда, оқ-дәрілер мен арнайы жабдықты бір рет беруді көздейді. Қазақстан тарапы әскери мүлікті Қырғыз Республикасының Қой-Таш қаласына дейін автомобиль көлігімен жеткізуді қамтамасыз етіп, оған байланысты барлық шығысты өзі көтереді, - деді ол.
Руслан Шпекбаев Қырғыз жағы Қазақстаннан алған әскери мүлікті, оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді. Әскери мүлікті Қырғыз Республикасына беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қоғаныс қабілетіне ықпал етпейтінін атап өтті.
Вице-министрдің сөзінше, бұл көмек Қазақстан қарулы күштерінің ағымдағы жабдықтау қорының нормативінен тыс көрсетіледі. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Орталық Азия өңіріне, іргелес аудандарда қауіпсіздік бағытында қалыптасқан жағдайға, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатердің өршуіне байланысты әскери техникалық көмек көрсету Қырғыз қарулы күштерінің оларға тойтарыс беру мүмкіндігін күшейтеді, - деп түсіндірді Қорғаныс министрлігі өкілі Сенатта.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...