Бас жаңалықтар
Қазақстан Елшісі Баян-Өлгий аймағының басшылығымен кездесті
08 Қыркүйек 2021, 21:03 215

Қазақстан Елшісі Баян-Өлгий аймағының басшылығымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Баян-Өлгий аймағының басшылығымен кездесті. Бұл туралы Елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Елші аймақ басшысы Бауыржан Дәлелұлы бастаған аймақтық басқару органдарының басшыларына ҚР басшылығының бастамаларын, еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар туралы мағлұмат берді.

Жалғас Әділбаев моңғол тарапына 2021 жылғы 1 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен мәжілісінде сөйлеген «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған пандемиядан кейінгі кезеңде елді одан әрі дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйені құру, саяси жаңғырту, адам құқықтарын қорғау және қоғамды шоғырландыруға бағытталған бірқатар бастамаларын атап өтті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылап, өзара сыйластық, ашықтық пен сенім қағидаларына негізделген жоғары деңгейдегі сапарлардың екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады деген пікірмен келісті.

Бұдан басқа, тараптар көлік, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық салаларындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны кеңейту бойынша пікір алмасты. Бұл ретте, Елшілікке аймақ басшылығының атынан нақты ұсыныстар айтылды.

Жалғас Әділбаев этникалық қазақтарды тарихи отанында қоныстандыру бойынша кезең-кезеңмен саясат жүргізіліп отырғанына назар аудара отырып, қандастарды қабылдаудың 2021 ж. арналған аймақтық квотасын көбейту туралы тиісті шешім шыққанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, этникалық қазақтарға қатысты ҚР көші-қон саясаты, Қазақстанның азаматтығын алу және одан шығу, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қандастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және оларды кәсіпкерлікке тарту мәселелері жөнінде жан-жақты түсініктеме берді. Қазақстандық тарап бөлетін оқу гранттарын жүйелеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Кездесуге қатысушылар болашақта бірлесіп жүргізілетін өзекті ісжобаларға ұсыныстар енгізіп, аймақтағы жұмыссыздықты азайту, өңірді дамытудың стратегиялық бағдарламаларын әзірлеуге белсенді қатысатын қазақстандық кәсіпорындарды тарту, Елшілік пен аймақтық басқару органдарының өзара әрекеттесуі бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. Аймақ басшысының Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарымен іскерлік ынтымақтастығы пысықталды.

Бұдан басқа, бұл кездесуде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бірлескен мәдени іс-шараларды өткізудің мүмкіндіктері бойынша ой-пікір білдірілді.


Фото: дереккөз
Загрузка...