Қазақстанда Азиядағы Жастар кеңесінің IV отырысы өтті

18 Маусым 2021, 18:33
1039
Бөлісу:
Қазақстанда Азиядағы Жастар кеңесінің IV отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада онлайн-форматта Қазақстанның Азиядағы өзара іс қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінде 2020-2022 жылдары төрағалық ету шеңберінде АӨСШК-тің Жастар кеңесінің IV отырысы өтті. Отырыс жұмысына АӨСШК мүше-мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Отырыс басында қатысушыларға Қазақстанның мәдени және туристік танымал жерлері туралы видеоролик таныстырылды.

Талқылауға шығарылған негізгі тақырыптар күн тәртібін қолдау және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына әртүрлі деңгейде (ТДМ) қол жеткізу, сондай-ақ жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге, атап айтқанда, ТДМ шеңберіндегі экологияға қарсы күрестегі жастардың тәжірибесі мен рөлі болды.

Отырысқа Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов төрағалық етті. Сондай-ақ іс-шараға қатысушыларға АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай бейнежолдама жасады.

Өз сөзінде А.Оралов Президент Қ. Тоқаевтың БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойы аясында мемлекеттерді «ағымдағы сын-қатерлерді, соның ішінде жастар мәселелері бойынша қиындықтарды еңсеру үшін күш-жігерді шоғырландыруға» шақыру бастамасын атап өтті.

Бұдан басқа Қазақстан еріктілер рөлін мойындау нышаны ретінде БҰҰ-ға волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынды. Өз кезегінде, Қазақстан 2020 жылы өз қамқорлығымен өткен еріктілер жылын өткізу тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Сондай-ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және АӨСШК-нің 30 жылдығы қарсаңында биылғы 1 маусымда Нұр-сұлтан қаласында Бейбітшілік және келісім сарайының аумағында АӨСШК-ге мүше 27 мемлекет өкілдерінің қатысуымен АӨСШК аллеясын салудың салтанатты рәсімі өтті.

Жаһандық экологиялық проблемалардың өзектілігін назарға ала отырып, жастар кеңесінің төрағасы 2021-2022 жылдары АӨСШК елдерінің жастарын тарта отырып, «Таза планета» бірлескен экологиялық акциясын өткізуді ұсынды. Бұл акция әрбір адамның экологиялық мәдениетін арттыру бойынша АӨСШК-ке қатысушы-елдердің тұрақты дамуының маңызды негізі болады.

Отырыс қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды, онда отырысқа қатысушылар АӨСШК-нің жастар ұйымдарымен диалог пен әріптестік қатынастарын жандандыруға, сондай-ақ жас мамандардың әлеуметтік, экологиялық және мәдени салаларға қатысуын қолдауға уағдаласты.

Жалпы, қатысушы делегаттар талқыланған мәселелер АӨСШК елдерінде жастар саясатын ілгерілету үшін өзара қызығушылық тудыратыны туралы бірауыздан келісті.

АӨСШК шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткені белгілі. Бұл бастаманың қозғаушы күші Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді әрі қолайлы құрылым құруға ұмтылу болды.

АӨСШК Жастар кеңесінің үшінші отырысы 2018 жылғы 13-14 сәуірде Баку қаласында (Әзербайжан Республикасы) өтті, оның қорытындысы бойынша АӨСШК қатысушы-елдер жастарының қажеттіліктерін ескеретін ұсыныстар әзірленді.


Өзгелердің жаңалығы