Қазақстан ASEM саммитіне қатысты

26 Қараша 2021, 19:02
815
Бөлісу:
Қазақстан ASEM саммитіне қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев онлайн форматта өткен Азия-Еуропа форумының (ASEM) 13-ші саммитіне қатысты.

«Мультилатерализмді ілгерілетудегі ASEM рөлі» тақырыбындағы бірінші сессия барысында қазақстандық дипломат саммиттің қатысушыларын Қазақстанның халықаралық бастамаларымен, соның ішінде биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру жөніндегі бастамамен таныстырды, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Азия және Еуропа банктері мен институттарын байланыстыратын маңызды хабы ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтті.

Азия мен Еуропа арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайту мақсатында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуды жалғастыру, вакцинация паспорттарын өзара тану, жаһандық көлік бағыттарын әртараптандыру және т.б. қажеттілігі атап өтілді.

Сонымен қатар, дипломат келесі жылы Қазақстанның төрағалығымен бірқатар ірі сыртқы саяси іс-шаралар өтетінін, олардың ішінде АӨСШК 6-шы саммиті ерекше орын алатынын хабарлады.

ASEM саммиті өз жұмысын 26 қарашада жалғастырады. Іс-шараның қорытындысы бойынша төрағаның «Жалпы өсу үшін мультилатерализмді күшейту» тақырыбындағы мәлімдемесін, формадан кейінгі кезеңде әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру туралы Пномпень мәлімдемесін және ASEM өзара байланысын нығайту туралы тұжырымдамалық құжатты қабылдау жоспарлануда.

Қазіргі уақытта АSЕМ құрамына 51 мемлекет, оның ішінде Еуропалық топтан 30 және азиялық топтан 21, сондай-ақ ЕО және АСЕАН Хатшылығы кіреді. Қазақстан 2014 жылдан бастап ASEM мүшесі. Асемнің бірінші саммиті 1996 жылғы 1 наурызда өтті.

Өзгелердің жаңалығы