Қазақ ұлттық хореография академиясы жаңа оқушыларды қабылдады

14 Қазан 2019, 20:51
4461
Бөлісу:
Қазақ ұлттық хореография академиясы жаңа оқушыларды қабылдады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ ұлттық хореография академиясында жаңа оқушыларды қабылдау салтанаты өтті.

Академия ректоры Алтынай Асылмұратова оқушыларды сиқырлы балет әлеміне қадам басу күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде сахнаның қаншалықты киелі екенін айтты.

«Сахна – бұл киелі, таңғажайып, сиқырлы орын. Сахна сенің талантыңды айқындап, көпшілікке паш ете алады. Сондай-ақ, керісінше, кемшіліктеріңді де көрсетуі мүмкін. Сахна мәдениетсіздікті, сауатсыздықты сүймейді. Ол кітап оқымайтын адамды кешірмейді. Сондықтан сахнаға шығар алдында денеңді ғана дамытып қоймай, жаныңды, санаңды дамытуың қажет», - деп атап өтті. 

бала1.jpg

Бұл мерекенің маңызы зор, себебі кішкентай әртістер бұл күні кәсіби сахнаға алғаш шығып, оқуға және би өнерінің игілігі үшін еңбек етуге ант берді. Оқушылар қатарына қабылданған әр балаға Академия ректорының атынан ізгі тілек жазылған хат табыс етілді. 

Академия оқушылары, студенттері мен түлектері болашақ классикалық өнер жұлдыздарына құттықтау концертін сыйға тартты. 

бала2.jpg

Л. Минкустың музыкасына М. Петипаның хореографиясындағы «Полонез-Мазурка», А. Вивальдидің әуеніне қойылған Д. Пимоновтың «Чакона» биі, П. Чайковскийдің музыкасына қойылған Ю. Григоровичтің «Лебединое озеро» балетінен вариациясы, И. Байероның музыкасына қойылған Легат ағайындыларының «Фея кукол» балетінен вариация орындалды.

бала3.jpg
«Астана Опера» және «Астана Балет» театрларының әртістері А. Садықова қойған «Қорқыт» биі мен Р.Амаранте қойған «Love Fear Loss» билерін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, Академия студенттері «Хассак» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкасына А. Садықова мен А. Шәмшиевтің хореографиясымен қойылған «Серілер Салтанаты» қойылымын тарту етті.

бала5.jpg



Өзгелердің жаңалығы