Бас жаңалықтар
Қазақ биінің анықтамалығы жарық көреді
15 Қаңтар 2021, 19:51 206

Қазақ биінің анықтамалығы жарық көреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақ ұлттық хореография академиясы» КАҚ базасында республикалық семинар өтті.

Семинар барысында Қазақ биі анықтамалығының жобасы ұсынылып, талқыланды. Пікірталасқа 85-тен аса адам қатысты – жоғары оқу орындарының, техникалық және кәсіптік мекемелердің оқытушылары, хореографтар, қосымша білім беру оқытушылары, Қазақстан Республикасының хореографиялық ұжымдары мен театрларының әйгілі балетмейстерлері. Көпшілік назарына ұсынылған Анықтамалық 2018 жылы Академия қабырғасында құрылған ұлттық би ғылыми-зерттеу зертханасында әзірленген және мамандар мен әзірлеушілердің атқарушылық, педагогикалық, балетмейстерлік, ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі.      

Әзірлеушілердің пікірінше, Анықтамалық қазақтың халық биін тереңдетіп оқыту үшін алғашқы әдебиет көзі және әдістемелік материал ретінде әзірленді. 

Оқу құралын құрастыру барысында авторлар барлық қолда бар дереккөздер мен архивтік бейнематериалдарды мұқият зерттеді, атап айтқанда, Ш.Б. Жиенқұлованың, Д.Т. Әбіровтің, Ә.М. Ысмайыловтың, Г.Н. Бейсенованың, О.В. Всеволодская-Голушкевичтің, Т.О. Ізімнің, А.Ә. Тәтидің, А.К. Құлбекованың еңбектері ғылыми-әдістемелік талдаудан өтті. Іздеу жұмысында аналогтар, қайталаулар, ескірген материалдар алынып тасталды. Сонымен бірге, әзірлеушілер ұлттық биді сақтау және хореографиялық сөздік қорын молайту үшін маңызы зор, ұмытылып қалған материалдарды енгізді. 

Анықтамалық – міндетті материалдың қысқаша мазмұны жүйелі түрде баяндалған, практикалық мақсаттарға арналған басылым, сондай-ақ қазақ биі бөлімдерін нақтылау үшін әдістемелік көмек. Әзірлеушілердің басты міндеті барлық білім беру деңгейлерінің оқу орындары үшін бейіндік курс ретінде қазақ биін кеңінен меңгеру үшін бірыңғай оқу материалын анықтау болды. 

Талқылау барысында республикалық семинарға қатысушылар әріптестерінің атқарған жұмысы туралы өз пікірлерімен бөлісті, оқу құралын жетілдіру бойынша практикалық ұсынымдар жасап, өзгертулер мен ұсыныстар енгізді. Олардың бәрі ескеріліп, жүйелендіріледі және Қазақ биі анықтамалығының қорытынды басылымына енгізіледі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...