Қазақ баласы NASA-да тағылымдамадан өтті

13 Сәуір 2021, 06:26
999
Бөлісу:
Қазақ баласы NASA-да тағылымдамадан өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Елордалық 16 жастағы оқушысы Ерасыл Тәуекел NASA-да тағылымдамадан өтті. Ол «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» 10-сынып оқушысы. 

Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеумен айналысып жүр, өзі зымыран ғылымына қатты қызығады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ерасыл өзінің ғылыми-зерттеу қызметін жетінші сыныпта, яғни алғашқы зымыранын ұшырған кезде бастады. Ең алғашқы маңызды жобасын ғарыш тақырыбына арнап, «Наурыз кездесулері-2019» ұлттық ғылыми жобалар байқауында бірінші орын алды. Оқушы модельдік зымырандарға арналған толық автоматтандырылған ұшыру қондырғысын жасап шығарды.

Тоғызыншы сыныпта Ерасыл Мәскеу мемлекеттік университеті мен РҒА және Intel BalticSEF-2020 жанындағы «Болашақ ғалымдары-2019» ірі халықаралық байқауларының жүлдегері атанды. Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі конкурстарда Ұлттық командаларға АҚШ-тағы Regeneron ISEF оқушыларына арналған дүниежүзілік ғылыми байқауының іріктеуінен өтті. Ол жерде борттық электроникасы бар зымыранның ұшу прототипін және Илон Масктің Falcon түріне ұқсас қону аяқтары бар ұшуды басқарудың барлық жүйесін таныстырды. Содан кейін Ерасыл NASA United Space School-да Қазақстанның өкілі атанып, әлемнің түрлі елдерінің оқушыларымен кездесті.
Ерасылдың айтуынша, америкалық ұйымның FISE бағдарламасы туралы оған екі жыл бұрын NASA-да тәжірибеден өткен ресейлік өнертапқыш досы Петр жан-жақты айтып беріпті. Содан кейін Қазақстандағы тағылымдаманың өкілі болып саналатын физик және ғалым Байжан Мұқатаевпен байланысқа шығу тиіс болатын. Ғарыштық білім беруді насихаттауға арналған осы бағдарлама аясында америкалық ұшуды басқару орталығы – Хьюстон қаласында орналасқан NASA-ның Линдон Джонсон атындағы ғарыш орталығында тағылымдама қарастырылған.

Мен NASA-ға тағылымдамадан өту үшін өтініш беру жайлы шешім қабылдадым. Себебі ол әлем студенттерінің заманауи ғарыш саласымен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді. Мұндай сирек кездесетін мүмкіндікті жіберіп алмау үшін тәуекелге бел будым. Физика мен математикадан бірнеше тапсырманы орындау қажет болды. Тапсырмалар ғарыш саласының барлық саласынан, яғни планетарлық геологиядан ядролық қозғалтқыш өндірісіне дейінгі түрлі бағытта болды. Сондай-ақ, мотивациялық хат жазып, сұхбаттан өтуім керек еді. Бұл процестің бәрі шамамен бір-екі айға созылды. Өтініш беру жағы Американың университеттеріне оқуға түсу үшін берілетін өтініш процесіне 80 пайызға ұқсас. Бірақ олардың нюанстары да болды. Үміткерлердің бәрі ғарыш саласындағы академиялық білімдері мен жетістіктері тексерілді, сол сияқты ағылшын тілін жақсы білетіндеріне де мән берілді, – дейді ол.
Ерасылдың айтуынша, онлайн-форматқа қарамастан, тағылымдама екі апта бойы мазмұнды өткен. Негізгі мақсат – шикізат алу мақсатында астероидтерге арналған миссияны әзірлеу.
Қатысушылар топтарға бөлінді. Менің тобымда Үндістан, Австралия және Жаңа Зеландиядан келген оқушылар болды. Өзгелерге ұқсамастай етіп, командама KINZA деген атау беруді ұсындым. Күн сайын әр түрлі тақырыпта 2-3 дәріс өтті. Олардың арасында ұзақ ұшу кезіндегі экипаждың денсаулығынан бастап жаңа аэроғарыштық материалдар мен құрылымдарға дейін қамтылды. Дәрістерді NASA ғалымдары, инженерлері және зерттеушілері жүргізді, әрқайсысы кем дегенде бір сағатқа созылды. Мен тіпті америкалық астронавтар – Билл Макартурмен, Сунита Уильямспен және Майкл Бэйкермен әңгімелестім. Шынын айту керек бірнәрсеге ұмтылғанда оң нәтиже көрсетемін деп болжау қиын, себебі сәтсіздік кез келген сәтте болуы мүмкін. Өзім табиғатымнан мақсатыма жетуге тырысамын, орта жолдан берілгенді ұнатпаймын. Қолымнан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймын. Соның арқасында бәрі оңай шешіледі. Тек осындай көзқарастың нәтижесінде ғана тауларды орнынан жылжытуға болады деп есептеймін, - дейді Ерасыл тәуекел.

Өзгелердің жаңалығы