Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне бокстан ХХ халықаралық турнир өтті
PHOTO
2 Желтоқсан 2021, 18:20 168

Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне бокстан ХХ халықаралық турнир өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 және Желтоқсанның 35 жылдығына орай 1986 жылғы Желтоқсан құрбаны Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің  құрметіне  бокстан  дәстүрлі халықаралық турнир өтті.

Шара мақсаты – Желтоқсанға қатысушы азаматтардың атын ұлықтау, жас ұрпаққа үлгі ету. Желтоқсанның қадір-қасиетін жастардың бойына сіңіре отырып, патриоттық рухта тәрбиеленуіне ықпал ету. Бұқаралық спорттың дамуына үлес қосу. Жастардың спорт пен денешынықтыруға қызығушылығын арттыру және насихаттау.

Турнирдің ашылу салтанатына Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Диас Есдәулетов, Бокс федерациясының басшысы Ержан Қосманбетов, Бокстан 2000 жылғы Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов, Қайрат Рысқұлбековпен бірге сотталған, желтоқсан қаһарманы Қайыргелді Күзембаев, 2008 жылғы Пекин олимпиадасының бокстан чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, Желтоқсан құрбаны болған Ербол Сыпатаевтың туған бауыры Ержан Алшынбаев, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған бауыры Талғат Рысқұлбек қатысып, халықаралық жарыстың ашылуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Турнирге Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен боксшылар қатысып, 13 салмақ дәрежесі бойынша 100 ден аса боксшы күш сынасты. 

Қайрат ағамыздың рухына арнап бокстан дәстүрлі халықаралық турнирді өткізіп жатырмыз. 5 күнге созылатын жарыс тартысты өтіп, мықты боксшылар іріктеліп, ақтық айқаста жігіттер әділ жеңіске жететініне сенімдіміз. Барлық қатысушыларға тек қана сәттілік тілейміз, – деді Бокс федерациясының басшысы Ержан Қосманбетов ашылу салтанатында.
Ұйымдастырылып жатқан іс-шара жастарымыздың рухын көтеріп, жеңіске жетуге деген құлшынысын арттыруда. Бүгінгі күні желтоқсаншы аға-әпкелеріміздің ерліктерінің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізіп, еліміздің атынан әлемдік жарыстарда бой көрсетудеміз, – деді 2000 жылғы Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов.

Турнир жеңімпаздары мен қатысушылары медаль, кубок, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 


Жарыс жоғары деңгейде өтті. Төрешілер де әділ төрелік етті. Халықаралық деңгейдегі әріптестерімізден кездесіп, өз деңгейімізді байқадық. Мұндай жарыстар спортшылардың шеберлігін арттырар сөзсіз. Ең бастысы, Қайраттай батырларыңызды ұлықтағандарыңыз ұрпаққа үлгі, - деді  өзбекстандық боксшы Муроджан Ахмедов.  
Шараға Желтоқсаншылар қонақ ретінде қатысып, жеңімпаздарға жүлделерді өз қолдарымен табыстады.

Турнирдің жабылу салтанатында Қайрат Рысқұлбековтің туған бауыры Талғат Рысқұлбек жастарға ақжарма тілегін айтты. 

«21 мәрте жалауы желбіреген дәстүрлі жарыс мәреге жетті. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатыр. Турнир арқылы жастарымызға Желтоқсанға қатысушы азаматтардың атын ұлықтап, болашақ ұрпағымыздың патриоттық рухта тәрбиеленуіне ықпал ету. Бұқаралық спорттың дамуына үлес қосу. Жастардың спорт пен денешынықтыруға қызығушылығын арттыру және насихаттау десек, өткізген шарамыз өз мақсатына жетті деп есептеуге болады. Бес күн бойы жас боксшылар да, төрешілер де табандылықпен еңбек етті... Бауырыма көрсетілген құрметі үшін ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді ол.

Жыл сайын өткізіліп жүрген дәстүрлі бокс жарысы, пандемия салдарынан бірнеше жыл үзіліп қалған болатын. Биыл қайта жалғасын тапқан жарысқа, әсіресе жастар қуанды. Себебі, бұл жарыс – жастарды үлкен рингтерге бастайтын шыңдалу алаңы. Жарыстың әр жылдарында Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Мират Сәрсенбаев, Жәнібек Әлімханұлы және тағы басқ саңлақтар осы турнирде өнер көрсетіп, өз шеберліктерін шыңдады. Уақыт оза олардың барлығы да аса ірі халықаралық додаларда дараланып, мемлекетіміздің мақтанышына айналды. 


Бұл жолғы 20-рет өткізілген дүбірлі додадан да әлемдік бокстан үміткер жастар шыңдалғаны сөзсіз. Ең бастысы, Қайрат Рысқұлбеков ағалары сынды елінің намысы мен абыройы үшін дайын тұратын патриоттар боларына сенім мол.   

Биылғы шара Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша Халықаралық «Жанашыр» қорының «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы аясында өтті. 



Фото: дереккөз
Загрузка...