Бас жаңалықтар
Қауіпсіздік сертификаты. Не үшін керек?
07 Желтоқсан 2020, 10:46 13162

Қауіпсіздік сертификаты. Не үшін керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде қауіпсіздік сертификаты жөнінде баяндап берді.

Пандемия медицина, білім, әлеуметтік салаларға ғана әсер етіп қоймай, сандық инфрақұрылым жүйесіне де залалын тигізіп жатқанын көріп отырсыздар. Мемлекеттік интернет ресурстарға деген қолжетімділік проблемасы цифровизация саласындағы қолданыста жүрген ұйымдастырушылық технологиялық базаның кемелдендірілмегенін көрсетіп отыр. Киберқауіпсіздіктің негізгі принциптері – құпиялылық, тұтастық, қолжетімділік. Дәл осы соңғы принцип бойынша проблема туындап отыр. Электронды үкіметтің әрбір ірі ақпараттық нысаны (бұл қаржы секторына да қатысты) үнемі түрлі кибершабуыл назарында. Жыл сайын ақпараттық қауіпсіздік бойынша миллиард жағдай тіркеледі. Биылдың өзінде 4 миллионға жуық жағдай анықталған. Бұдан бөлек, пандемия кезінде кейбір нысандардың қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуіне байланысты сандық инфрақұрылым жүйесіне деген салмақ артты. Біз бұған дайын емес едік. Қазіргі таңда кибержаттығу өткізудегі негізгі мақсат – мемлекеттік органдардың, мекемелердің ақпараттық қауіпсіздікпен қамтамасыз етілу дайындығын тексеру, кездескен қауіптерге қарсы тұру, - деді ол. 
Руслан Әбдіқалықов кибержаттығу барысында қауіпсіздік сертификаты не үшін қосылғанын түсіндіріп берді.
Тәжірибе көрсеткендей, пандемия кезінде шындыққа жанаспайтын, еліміздің заңына қайшы келетін әлеуметтік медиа арқылы таратылған ақпарат саны артты. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың негізгі міндеті осындай ақпаратты уақытында анықтап, тұтас интернет ресурсының штаттық функционалын бұзбай, шектеу қою болып отыр. Қауіпсіздік сертификаты осы мақсаттарда қолданылатын болады. Егер азамат оны орнатудан бас тартса, шетелдік интернет ресурстардың қызметін пайдалануға шектеу қойылады. Айта кету керек, жыл басынан бері ақпарат саласындағы құзіретті органдарға жекеменшік және шетелдік интернет ресурстар әкімшілігіне заңнаманы бұзу фактілерін жою туралы ұсыным берілген болатын. 23 мыңнан астам құқыққа қайшы келетін материалды жоюға қатысты шара қолдану үшін 7 мыңнан астам хат жіберілді. Алайда, қазір оның 30%-ы ғана орындалды, - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...