Катонқарағай. Хоббиі көп апа

18 Қыркүйек 2019, 12:38
8748
Бөлісу:
Катонқарағай. Хоббиі көп апа
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ол таң нұрымен таласа оянып, сиыр, бие сауады. Сүт тартып, бұғы мүйізін қайнатады. Араның балын жинап, бөлме гүлдерін баптайды. Одан артылған уақыты болса, қабырғаға іліп қоятын суреттер тігеді. Бүгінгі мақала Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Топқайың ауылының тумасы Гүлжамал апа Нұртайқызы туралы болмақ.

64 жастағы Гүлжамал апаның әр күнінің әр сағаты алдын ала жоспарланып қойған.

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: Отбасылық жағдайыңызға аз-кем тоқталып өтсеңіз.

Гүлжамал Нұртайқызы: Осы ауылда туып-өсіп, осы жерде тұрмысқа шықтым. Марқұм жолдасым екеуміз 5 бала тәрбиеледік. Жолдасым да, кенже ұлым да өмірден озып кетті. Бүгінгі таңда 13 немерем бар.

BAQ.KZ: Таңның атысы мен күннің батысына дейінгі бір күніңіз қалай өтеді?

Гүлжамал Нұртайқызы: Жаз мезгілінде таңғы сағат 03:30-04:30 аралығында тұрып, 05:00-де сауынды биелерді жылқылардан бөліп, саууға кірісем. Одан кейін сиыр сауып, оларды табынға қосқан соң сүт тарта бастаймын. Сағат 07:00-ден бастап бір сағат қымыз пісіп, оны ыдыстарға бөліп құямын. 08:00-ден бастап екі сағат сайын бие сауамын. Ол уақытта қызым тамақ дайындап жатады. Үйімде бұғы мүйізінің сорпасына түсіретін 6 ванна бар. Жазда ауылға келген демалушылар осында келіп, ем алады. 09:00-ден бастап демалушылар бұғы мүйізінің сорпасына түседі.

BAQ.KZ: Қай уақыттан бастап марал өсіре бастадыңыздар?

Гүлжамал Нұртайқызы: 1997 жылдан бастап марал өсіре бастадық. Маралдың қозықасы аяқтанып кеткенше өзім қараймын. Жем салып, үш уақыт сиыр сүтін берем.

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: Бұғы мүйізінен сорпа қалай дайындалады? Ол қандай дерттерге ем?

Гүлжамал Нұртайқызы: Бұғы мүйізін кесіп алған соң көктемде қайтадан мүйіз өсіп шығады. Ал кесіп алмаған жағдайда ағаш болып қатып, өзі түсіп қалады. Бұғының мүйізін тоңазытқышта сақтап, бөліп-бөліп турап, 250 литрлік қазанға қайнатамыз. Бұл буын ауруларына, зәрін тоқтата алмай жүргендерге, ақтаңдақ дертіне, аллергияға ем болады. Ваннаға 10-20 минут жатады. Одан кейін аулада жайылған дастарқан маңына жиналып, бал қосылған шай ішіп, тынығады.

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: «Бал қосылған шай» демекші, сіздің омартамен де айналысатыныңызды білеміз. Демек, табиғи бал да өзіңіздікі ғой?

Гүлжамал Нұртайқызы: Омартамен айналысу – менің хоббиім. Бұдан да басқа әуестенетін істерім көп, ол туралы сәл кейінірек айтып беремін. Аптасына бір рет ара балын жинап аламын. Араның әр ұясынан бір фляг бал шығады. Балдың түсі, дәмі қандай болуы қандай гүлден нәр алғанына байланысты болады.

 Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: Табиғи бал мен жасанды балды қалай ажыратуға болады?

Гүлжамал Нұртайқызы: Ара ұясына қант сеуіп, сонымен қоректендіріп, сапасыз бал сататындар болады. Бал құйылған ыдыстың бетін ашқан кезде 1-2 көпіршік шықса, бал табиғи, сапасы жақсы деген сөз. Одан кейін табиғи, таза балды қасыққа құйып, шалқайтқан кезде қасықтан түспей қатып қалмайды, керісінше «төгіліп» тұруы керек. Жасанды бал өз салмағын тез жоғалтып, ыдыста ұзағырақ тұрған кезде өздігінен «отыра» бастайды.

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: Мынадай әдемі суреттер тігуді қайдан үйрендіңіз? Бұл да хоббилеріңіздің бірі ме?

Гүлжамал Нұртайқызы: Қолым бос уақытында осындай суреттер тігумен айналысамын. 2012 жылы Қытайға барған кезде осы өнер түріне қызығушылығым оянды. Сөйтіп керекті маталар мен жіптерді, тігілу жолдарын үйрететін кітапты осы жаққа алып келдім. Аяқталған суретті естелік ретінде немерелеріме беремін. Мына бөлмеге көрік беріп тұрған павлиннің суретін 2 жыл тіктім.

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: Тағы да қандай хоббиіңіз бар?

Гүлжамал Нұртайқызы: Бөлме гүлдері мен аула гүлдерін өсіргенді жақсы көрем. Үйде шамамен 30-40 шақты бөлме гүлі бар. Бұл гүлдерге де ерекше күтім керек. Жақсы көңіл-күймен күтіп-баптасаң, жайқалып өседі.

 Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: Осының бәріне қалай уақыт табасыз?

Гүлжамал Нұртайқызы: Оның бәрі ниетке байланысты. Өмір – қозғалыс. Қазіргі уақытта көбі кеңседе отырып жұмыс істейді. Қимыл-қозғалыс аз болған соң бойға қан жүрмей, шаршаңқы күйде жүреді. Менікі таңнан кешке дейін қозғалыс. Тек сурет тіккен кезде ғана отырам, оның өзі пайдалы. Ауылымның ауасы да, табиғаты да, төрт түлік те, қасымда жүрген бала-шаға, немерелерім маған шабыт сыйлайды. Адамның көңілі қаласа, бәріне уақыт табуға болады.

 Катонқарағай. Хоббиі көп апа

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: Туған жеріңізден жырақтап, басқа аймақтарға немесе шетелдерге барып көрдіңіз бе?

Гүлжамал Нұртайқызы: Қыс мезгілінде басқа аймақ, басқа елге барып демалған кезім болды. Туған жерге жетер жер жоқ. Ол жақта зәулім үйлер бар, бірақ мынадай керемет табиғат болмауы мүмкін. Ол жақта небір-небір дәмді тағамдар бар, бірақ дәл осы туған жерімдегідей қымыз, сүт, бал, кілегей сияқты табиғи өнім емес. Қай жерге барсам да туған жердей жер болмайтынына көзім жете түседі.

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

Катонқарағай. Хоббиі көп апа

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Өзгелердің жаңалығы