Бас жаңалықтар
Катонқарағай ауданында жаңа әуежай салынады
13 Ақпан 2019, 11:36 764

Катонқарағай ауданында жаңа әуежай салынады

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Келесі жылы Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылында жаңа әуежай құрылысы басталуы мүмкін. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділов хабарлады.

«Үлкен Нарын ауылындағы әуежай кезінде жеке қолға өтіп кеткен болатын. Жергілікті кәсіпкер ескі әуежайды сатып алып, ол жерге малқора жасаған. Қазір ол кісінің қайтара сатып алуда сұрап отырған бағасы өте жоғары. Осы себепті аудан әкімі бұрынғы әуежайдың жанынан басқа жер учаскесін бөліп отыр. Бұл жердің бір ерекшелігі – ауа райы қандай болмасын ұшақтың қонуына үнемі ыңғайлы», - деді Нұржан Сайлаубекұлы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, жаңа әуежайдың диспетчерлік ғимаратын салуды аудан әкімдігі өз мойнына алмақ. Қажетті инфрақұрылымдары тартылып, ұшып-қону жолағы салынған соң мұнда жеңіл моторлы ұшақтардың қонатынын алға тартқан ол қазіргі уақытта әуежай жобасын «Казаэропроект» институтының жобалап жатқанын мәлімдеді.

«Аталмыш институт құрылысқа қажетті соманы есептеп берген соң біз бюджеттік өтінім береміз. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап бітірсек, 2021 жылы әуежай құрылысын аяқтап, қолданысқа беруіміз де әбден мүмкін», - деп қосты басқарма басшысы.

Нұржан Жұмәділов аталмыш әуежайдың салынуы Шығыстың Швейцариясы саналатын Катонқарағай ауданындағы туризмнің дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті. Жалпы, Үлкен Нарын ауылында барлық заманауи талаптарға сай әуежай құрылысын қолға алу осыдан алты жыл бұрын межеленген еді. Ол кезде өңірімізден 21 жоба Индустриаландыру картасына енгізілген болатын.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: автор

Сізден жаңалық