Бас жаңалықтар
Қатар СІМ басшысы ресми сапармен Қазақстанға келді
10 Маусым 2021, 15:36 1474

Қатар СІМ басшысы ресми сапармен Қазақстанға келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген Қатар мемлекеті Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөздер жүргізді.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл Қатар сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғашқы келуі, ол түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға серпін беруге бағытталған.


Келіссөздер барысында, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы Қазақстан-Қатар қатынастарының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективалары қаралды. Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау және тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, сондай-ақ қаржы және банк қызметі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілік расталды. Тараптар сондай-ақ екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар, соның ішінде БҰҰ, АӨСШК, ИЫҰ және т.б. шеңберіндегі өзара іс-қимылының жоғары деңгейін атап өтті, - делінген хабарламада.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қатар даму қорының (Qatar Development Fund) қаражатына Алматы облысының Іле ауданындағы Өтеген Батыр кентінде перинаталдық орталығының құрылысы туралы меморандумға қол қойылды.


Сапар бағдарламасында Қатар мемлекеті Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болады деп күтілуде. 



Фото: дереккөз
Загрузка...