Бас жаңалықтар
«Каспий конвенциясын» Түрікменстан ратификациялады
11 Ақпан 2019, 18:46 675

«Каспий конвенциясын» Түрікменстан ратификациялады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Енді құжатқа тағы үш ел қол қою керек. 

Бұл туралы бүгін апта сайынғы брифинг барысында СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Өздеріңізге белгілі, 8 ақпанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойып, осылайша біздің мемлекет бұл тарихи құжатты ратификациялады.

«Аталған құжат қазақстандық дипломаттардың және басқа да мемлекеттік органдардың Каспий маңы елдерімен 20 жылдан астам жүргізген келіссөздердің нәтижесі болып табалады. Каспий теңізінің мәртебесін реттеу және халықаралық, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың құқықтық режимін құру мәселесі жағалаудағы барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар аймақ болып қала береді. Былтырғы жылы 12 тамызда «Каспий бестігі» тарихындағы маңызды оқиға - Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің басшылары аймақ үшін - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, Конвенция «Каспий теңiзiнiң конституциясы» болып табылатын, аймақтағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен гүлденудiң кепiлi болуға тиiс. Құқықтық мәселелерді шешу тек жағалаудағы мемлекеттердің өзара іс-қимылына ғана емес, сонымен қатар инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызуға, Каспийдің бесжақты сауда-экономикалық байланыстарын сыртқы әлеммен, көліктік инфрақұрылыммен және тұтастай алғанда аймақтың транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізеді», - деді Смадияров.

Сонымен қатар, құжатты Түрікменстан да ратификацияланған. Енді қалған елдердің келісуі күтіліп отыр.

«Бұдан бөлек, Конвенция Қазақстандық секторының түбін делимитациялауды аяқтауға, сондай-ақ мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша, оның ішінде Каспий теңізінің шекарасын делимитациялауды аяқтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда, Қазақстанмен қатар Конвенцияны Түрікменстан ратификациялады», - дейді ресми өкіл.

Айта кетсек, 12 тамызда Ақтауда өткен Бесінші Каспий саммитінде Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан президенттері бас қосып, халықаралық саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды: 

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция; 

Каспий теңізінде терроримге қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама; 

Каспий теңізінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама; Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім;

 Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; 

Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісім; Шекара ведомстволарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама.

Рахиля Бекназарқызы

Сізден жаңалық