Бас жаңалықтар
ШҚО-да мыңнан астам тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгеруде
27 Мамыр 2019, 08:35 364

ШҚО-да мыңнан астам тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгеруде

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста бүгінгі күні «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 1400 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп жатыр. Бұл жөнінде облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы хабарлады.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін елімізде 2018 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларын іске асыру, яғни стартап бойынша гранттар берудің жаңа мемлекеттік қолдау механизмінің пайда болғаны жайында жазған болатынбыз.

«Шағын несиені алу үшін ең алдымен «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту курсынан өту керек. Қазіргі уақытта операторы облыстық Кәсіпкерлер палатасы болып табылатын аталмыш жоба бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1400 тұрғын тегін оқытылып жатыр. Кәсіпкерлік негіздерін жұмыссыздар,өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және кәсіпкерлік әлеуеті бар әрі ауылдық жерлерде тұратын нәтижелі жұмыспен қамтылмаған азаматтар оқи алады. 2018 жылдан бастап мұндай курстардан өтуге қала тұрғындары, оның ішінде моно және кішігірім қалалар тұрғындары да мүмкіндік алды», - деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, «Бастау-Бизнес» тыңдаушылары 16 759 теңге мөлшеріндегі шәкіртақымен қамтамасыз етілген. Курстар барысында тұрғындарға кәсіпкерлікті жүргізуге бағытталған идеялар беріледі. Оқу тестілеу, бизнес-менторлық және жекелей кеңес беру тұрғысындағы тәжірибелік оқу, бизнес-жобаны қорғауға деген дайындық, жобаның іске асуын бір жыл бойына дейін қолдау сияқты бірнеше кезеңнен тұрады. Ал оқу курсының жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күнді құрайды.

«Қазіргі уақытта жоба бойынша 1209 тыңдаушының 608-і оқуларын тәмамдаса, оның 508-і бизнес-жоспарларын сәтті қорғап шықты. Оларды оқыту үшін республикалық бюджеттен 95 миллион теңге бөлінді. Курсты тәмамдаған азамат сертификатымен және жеке куәлігімен өңірлік Кәсіпкерлер палатасына бірден немесе аудандық филиалдары арқылы, я болмаса ауылдық округ әкімдіктері арқылы тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады. Қарыз ақшаны алуға жолдама екі жұмыс күні ішінде беріледі», - деп қосты басқарма басшысы.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық