Кәсіпкерлердің қызметі қалай реттеледі?

3 Қараша 2021, 12:17
957
Бөлісу:
Кәсіпкерлердің қызметі қалай реттеледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда тыңдалды.

Заң жобасын Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев таныстырды.

Министрдің айтуынша, заң жобасы шеңберінде бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің мынадай жаңа тәсілдері қалыптастырылды:

- мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіру;

- талаптарды белгілеу шарттары;

- «Бір талапты қосса, екі талапты алып тастау» қағидасы;

- міндетті талаптар тізілімі;

- бизнес есептілігін цифрландыру, бақылаудағы тәуекел-талдау;

- мемлекеттік бақылауды жетілдіру.

Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа қағидаттарын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл - талаптарды белгілеу шарттарын сақтау, кәсіпкерлік субъектілері үшін негізсіз реттеушілік талаптарды енгізуге жол бермеу, мемлекеттік реттеудің жүйелілігі мен дәйектілігі, бұрын қабылданған шешімдердің сабақтастығы; сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне деген сенімін арттыру, - деді Ерғалиев.

Өзара іс-қимылдың базалық қағидаттарын жетілдіру, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекетке сенімін және бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сөзінше, мемлекет енгізген кез келген талап, кем дегенде негізделген, орындалатын, ашық және болжамды, пропорционалды, тұрақты, нақты, ұтымды болуы керек және кәсіпкерлердің теңдігін қамтамасыз етуі керек.

«Бір талапты қосса, екі талапты алып тастау» қағидатын енгізу қолданыстағылардың екеуінің орнына бір реттеушілік талапты енгізуді көздейді. Осылайша, мемлекет жаңа талапты енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талап жойылады. Бұл қағидат кәсіпкерлік субъектілері үшін артық реттеу мен әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, - деп айтты ол.

Нормативтік құқықтық актілер және өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурсты қалыптастыру мақсатында міндетті талаптардың тізімін құру көзделеді.

Тізілімге жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана енгізілуге жатады.

Бұдан басқа, тізімде нормативтік құқықтық актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалады. Демек олар сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралады немесе жойылады. Осылайша тізім бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді. Бұл қағидат қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін міндетті талаптардың санын оңтайландыруға, бизнеске қатысты нормативтік құқықтық актілер базасын жетілдіруге ықпал етеді, - деп түсіндірді министр Мәжілісте.

Әкімшілік жүктемені азайту үшін ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, тек электрондық нысанда есептілік беру туралы талапты заңнамалық бекіту, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектілерін іріктеу кезінде тәуекелдерді бағалау мен басқаруды автоматтандыру көзделеді.

Бұл қағаз тасығышта есеп берумен байланысты бизнеске жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, бақыланатын бизнес субъектілерінің тізбесін оңтайландырады. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі реформаланады. Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысандары тексерулерден профилактикалық іс-шараларға көшуді қамтиды. Профилактикалық іс-шаралар, профилактикалық бақылаудың 3 түрін көздейді. Олар бақылаудағы сатып алу, бизнес субъектілерге бару және бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізу, - деп толықтырды Ұлттық экономика министрі.

Жаңа тәсіл тек рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруді және нақты фактілер мен мән-жайлар болған жағдайда жоспардан тыс тексерулерді көздейді. Тәуекел деңгейін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылады.

Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық нақты жағдайда іскерлік белсенділікті дамытуға серпін беруге мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы