Қарағандыда 76 кәсіпкер жеңілдетілген несие алған

31 Мамыр 2019, 08:58
1616
Бөлісу:
Қарағандыда 76 кәсіпкер жеңілдетілген несие алған

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Аймақтағы шағын бизнесті дамытуға биыл бюджеттен 277 миллион теңге бөлінген. Бүгінде 76 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, шаруаларын дөңгелетіп отыр.

Қарағанды облысында «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы жұмыссыз жүрген жандарды кәсіпкерлікке тарту ісі қарқын алуда. Ауылдық жерлер мен елді мекендердің экономикасын жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарлама аясында кәсіп ашамын, бизнеспен айналысамын дегендерге жеңілдетілген несие берілуде.

«Шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін 277 млн теңге бөлінген. 76 адам жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алды. Адамдар белсенділік танытып жатыр. Бірінші кезеңде «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқуға келген 40 адамның екеуі 8 млн теңге көлемінде несие алды. Тағы 17 адам кезегін күтіп отыр. Ал екінші кезеңінде көпбалалы және жалғыз басты аналарға көмектесуді қарастырып жатырмыз. Көпбалалы аналар өз ісін ашу үшін 505 мың теңге көлемінде грант алуға мүмкіндігі бар», - Халықты жұмыспен қамту орталығының жетекшісі Әсемгүл Шәкенова.

Екі қолға бір күрек іздеген жұмыссыз қарағандылықтар «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-cырына қаныға алады. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша тегін өтетін семинарлар 25 күнге созылады. Семинар соңында сертификат беріліп, осы арқылы төмендетілген пайызбен несие алуға мүмкіндік болады.

«Қаладан ауылға көшіп, шаруашылықпен айналысу жайлы шешім қабылдадым. Ауылдық әкімдік бізге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып, «Бастау бизнес» жобасына қатыса алатынымызды айтты. Семинарлардан көп нәрсе үйрендім. Мысалы, жылыжайдағы электр энергиясын қалай үнемдеу қажет, өсімдіктерді қалай суару керек. Міне осындай сұрақтарға жауап алдым», - дейді семинарға қатысушы Берік Такиров.

Атамекен кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өткен жылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1989 жұмыссыз адам білімін шыңдаса, оның 600-ге жуығы жеңілдетілген несие алып, өз ісін ашқан.

Өзгелердің жаңалығы