Қаржы министрлігі ақжолдықтардың сауалына жауап берді

4 Наурыз 2021, 11:58
1333
Бөлісу:
Қаржы министрлігі ақжолдықтардың сауалына жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа депутаттық сауал жолдады. Министрлік депутат Мақсат Раманқұловтың сауалына жауап берді.

Кәсіпкерлік қызметте қолданылатын мобильді аударымдарды фискализациялау салықтың жаңа түрі емес.

Бұл тек кірістерді дұрыс көрсету, сатылған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін фискалдық чектерді уақтылы беру туралы болып отыр. Жеке тұлғалардың қаражатына келетін болсақ, оларға сатып алу немесе аударым жасау кезінде салық салынбайды. Мысалы, ата-анасының студент баласына көмегі, жақындарына қаржылық көмек және жеке тұлғалар арасындағы басқа да аударымдар салық салу объектісі емес, - деп түсіндірді министрлік.

Мемлекеттік кірістер органдары екінші деңгейдегі банктермен, бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, жеке мақсаттарда және кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын ұтқыр, жылдам аударымдарды бөлу жөніндегі тетіктерді әзірлейді.

Кәсіпкерлердің көбі бизнесті ашық түрде жүргізуге түсіністікпен қарай бастағаны қуантады. Осы жылдың басынан бері 20 мыңнан астам субъект жеке шот пайдаланылатын кәсіпкерлік қызметке арналған банк қызметіне көшті, - делінген ҚМ хабарламасында.

Жалпы, бүгінгі таңда шамамен 1,2 млн микро-шағын бизнес субъектісі 2023 жылға дейін табыс салығын төлеуден босатылған.

Өзгелердің жаңалығы