Бас жаңалықтар
Қарт адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша іс-шаралар бекітілді
24 Ақпан 2021, 14:58 231

Қарт адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша іс-шаралар бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекітті.

Құжат ҚР-ның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасын және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленді, онда әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту.

Жоспарда 9 бағыт бойынша 36 іс-шара қарастырылған. Олардың барлығы аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын, өмір ұзақтығын арттыруға, әлеуметтік және психологиялық саламаттылыққа, әлеуметтік өмірге тартуға және т. б. бағытталған.

Құжат «Аға буын азаматтарының құқықтарын сақтау және қадір-қасиетін қамтамасыз ету», «Аға буын азаматтарының материалдық жағдайы», «Аға буын азаматтарының жұмыспен қамтылуын арттыру», «Қарт адамдары бар отбасыларды қолдау» және т. б. бағыттарды қамтиды. Мысалы, «Бос уақытты ұйымдастыру үшін жағдай жасау» бағыты аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу, қарт адамдар үшін мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу, қарттар күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар өткізу және т. б. жоспарлануда, - деп хабарлады Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.

Ұлттық жоспарды әзірлеу кезінде Мадридтің қартаю мәселелері жөніндегі халықаралық іс-қимыл жоспарының ұсыныстары ескерілді. Онда қарт адамдардың тек әлеуметтік қамтамасыз етілуіне ғана емес, сонымен қатар зияткерлік және өндірістік тәжірибе иесі, қоғам дамуының белсенді қатысушылары ретінде сұранысқа ие болуына бағытталған шаралар қарастырылған.

Бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ анықтаған 7 пайыздық шекті еңсеріп, халқы қартайған елдерге жатқызылды. Еліміздің 8 аймағына қартаю процесі тән.

Мәселен, елдің солтүстік-шығысында және Орталық Қазақстанның бір бөлігінде жағдай Еуропа елдерімен ұқсас, яғни халықтың аз табиғи өсімі және көші-қонның теріс сальдосы себебінен жас адамдармен салыстырғанда егде адамдар санының тез өсуіне байланысты халықтың қартаюы орын алады, - делінген хабарламада.

Республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде, сондай-ақ Нұр-Cұлтан қаласында бала туудың өсуі есебінен 15 жасқа дейінгі халық үлесінің ұлғаюы байқалады, нәтижесінде халықтың қартаю көрсеткіші төмендейді.

Іс-шаралар жоспарымен enbek.gov.kz сайтында танысуға болады.

 
 

 

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...