Бас жаңалықтар
Қармақшылық тігіншілер мемлекеттің көмегімен кәсібін жандандырды
22 Қазан 2020, 15:02 181

Қармақшылық тігіншілер мемлекеттің көмегімен кәсібін жандандырды

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қармақшы ауданында тігіншілер мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсібін ашып, табыс тауып отыр.

Аудандағы Ақжар елді мекенінде кәсіпкер келіншектер Нұргүл Әбішева мен Сәуле Сатыбалдиева бірлесіп «Ақжар» тігін цехын ашты. Мұнда тігіншілер негізінен төсек жабдықтарын жасап, жұмыс киімдерін тігеді және басқа да бұйымдарды дайындайды.

Қазір біз бір шаруа қожалығының арнайы жұмыс киімін тігіп жатырмыз. Тігіншілерге жалақы бекіттік, – дейді Нұргүл Әбішева.

Үш баланың анасы Нұргүл Ғалымжанқызы осы кезге дейін сәнді перделер жасап, ауданға танылған екен. 2017 жылы «Еңбек» бағдарламасының аясында грантқа қол жеткізіп, бизнесін бастады. Үйінің бір бөлмесін шеберханаға айналдырған болатын. Ал Сәуле Сатыбалдиева болса, құрақ құраудың, ұзатылатын қызға жасау дайындаудың шебері. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 1 миллион теңге несие алған. Сол қаражаттың арқасында қажет құрал-жабдықтар түгендеді. Бүгінде қос кәсіпкер келіншектің тұтынушылары көбейген. Кейде тіпті үлгермей де қалады.


Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, екі шеберхананың тігіншілері бірлесіп жұмыс істейік деп шештік. Бір жағы, тапсырыс беретіндерге де жақсы, әр жерге бір барып, әуре болмайды, бәрін бір тігін цехынан табады, – дейді Сәуле Сабыбалдиева.

Тігін шеберханасында Манат Лекерова, Салтанат Ермаханова, Света Бедебаева, Жадыра Оспанова, Жазира Серікбаевалар жұмысқа қабылданып, еңбек етуде. Әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар.

Бұдан бөлек, Т.Көмекбаев елді мекенінің тұрғыны Гyля Жaмитова "Бастау бизнес" жобасының оқy кyрсын оқып, құны жарты миллионнан астам теңге болатын грантқа қол жеткізді. Оған керек-жарағын алып, өзінің сүйікті ісі тігіншілігін кәсіп ретінде дамыта бастады.

Бұрынғы тігін машинам ескі болатын, жұмысым өніп болмайтын. Қазір ол мәселе шешілді, жап-жаңа 3 тігін мәшинесін алдым. Жұмысым жеңілдеді. Жалпы, нағашы әпкем тігін тігетін. Бала кезде сол кісіге еліктеп, қуыршақтарға көйлек тігетін едім. Бой жете келе адамдарға киім тігуді үйрендім. Тұрмыс құрғаннан кейін де хоббиімді тастамадым. Енді міне, табыс әкелетін кәсібіме айналып отыр, – деді көп балалы ана Гуля Жaмитова.

Тігінші құдалықтың кәде-сыйларын, бесік және қыз жасауларын, көрпе-төсектер жасап, көпшіліктің алғысы бөленіп жүр.



Фото: автордан
Загрузка...