Қарин: Екі жақ та мәселені шешуде ортақ диалогқа дайын

16 Сәуір 2021, 15:45
940
Бөлісу:
Қарин: Екі жақ та мәселені шешуде ортақ диалогқа дайын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық кеңестің мүшелері мен Әділет министрлігі президент тапсырмаларын талқылады. Ұлттық кеңестің хатшылығы министрліктер мен қоғам өкілдері арасында онлайн форматтағы  кездесулерді ұйымдастырудың тәжірибесін жандандырды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үйлестірушісі, Президент көмекшісі Ерлан Қарин мәлімдеді.

Соның аясында бүгін Ұлттық кеңес мүшелері Әділет министрі Марат Бекетаевпен кездесті. 

Кездесу барысында Марат Бекетаев кеңес мүшелеріне Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар, Әкімшілік процедуралық-процессуалдық кодекстің негізгі жаңашылдықтары және нормативтік процесті жетілдіру жайлы айтып берді. Сонымен қатар, министр адвокатура мен сот-сараптама қызметі саласындағы  реформалар туралы ақпаратпен бөлісті.

Өз кезегінде Ұлттық кеңес мүшелері министрге заң қызметінде сараптаманы қолдану, саяси партияларды тіркеу, халыққа заңгерлік кеңес беру, арнайы заң жобаларын қарау мен жасау, авторлық құқық пен лицензияға қатысты заңды жетілдіру төңірегіндегі сауалдарын жолдады.

Кездесу барысында мәселелер қызу талқыға салынды. Оны ZOOM-конференциясының екі сағатқа созылуынан-ақ бағамдауға болады. Әрине, бірақатар сауалдарға қатысты  тараптар түрлі позицияда екені байқалды. Дегенмен, екі жақ та  мәселені шешуде ортақ диалогке дайын екенін көрсетті. Кездесудің мұндай форматы жалғасын табатын болады. Алдағы уақытта өзге министрліктермен де осындай кездесу ұйымдастыру жоспарда - деп жазды Ерлан қарин.

Өзгелердің жаңалығы