Сарапшы: Карантиннің ұзақтығы мемлекеттің шұғыл әрекеттерінің тиімділігіне байланысты

10 Шілде 2020, 23:24
1409
Бөлісу:
Сарапшы: Карантиннің ұзақтығы мемлекеттің шұғыл әрекеттерінің тиімділігіне байланысты

Нұр-Сұлтан,  BAQ. KZ тілшісі. Мемлекет басшысының Үкіметтің бірлескен отырысында берген тапсырмаларына қатысты ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Анна Альшанская өз ойымен бөлісті. 

Алты айдан бері әлемнің барлық елдері бұрын-соңды белгісіз COVID-19 вирусымен күресіп, әлемдік экономика пандемия салдарынан ауыр зардап шегіп отыр. Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес 2020 жылы жаһандық ЖІӨ 5,2%-ға төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар қазіргі дағдарыстың ерекшелігі – оның мерзімінің белгісіздігінде. Пандемияның ұзақтығы көптеген факторларға: вакцинаның жасалуына, "ұжымдық иммунитеттің" қалыптасуына, вирустың ықтимал өршуіне, сонымен қатар мемлекеттердің шұғыл әрекеттерінің тиімділігіне байланысты, – дейді сарапшы. 
Ол Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы ел экономикасын дағдарыстық басқару және коронавирустың таралуына қарсы күрес мәселелеріне арналғанын атап өтті.
Осылайша, 2020 жылдың бірінші жартыжылында Қазақстанның ЖІӨ 1,8%-ға төмендеген. Пандемияның әсерін ең көп дәрежеде қызмет көрсету секторы сезінді – қарастырылып отырған кезеңде өндіріс 5,6%-ға төмендеген. Сонымен қатар, карантиндік шаралар мен шикізат нарығындағы тұрақсыздықтың салдары елдің бюджеттік жүйесіне әсер етті – бюджеттің шығыны шамамен 1,7 трлн теңгені құрады, – деді Анна Альшанская.
Сарапшы короновирустық пандемия еңбек нарығына да ықпал еткенін атап өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жұмыспен қамту органдарында 2020 жылдың мамыр айының соңында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 161,3 мың адамды немесе жұмыс күшінің 1,7%-ын құрады. Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға қарамастан, пандемияның жалғасуы мен жаңа санитарлық шектеулер бизнес құрылымдары өкілдерін де, халықтың түрлі топтарын да қосымша қолдау шараларын қабылдауға мәжбүрлеп оты, – дейді ол.

Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет және Ұлттық Банк ағымдағы жағдайдың нашарлауы мүмкін сценарийіне қатысты әлеуметтік-экономикалық шаралардың жаңа пакетін әзірлейді. 
Сонымен бірге, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың кейбір кемшіліктері мен қателіктерін ескере отырып, Мемлекет басшысы коронавирустық пандемиямен күреске бөлінген бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі мен оның салдарын талдауды тапсырды. Президент айтқандай, жалпы COVID-19 пандемиясынан туындаған қазіргі дағдарыс елдің негізгі экономикалық проблемаларын, әлеуметтік жүйенің кемшіліктерін, сондай-ақ үкіметтің қателіктерін айқындады. Елдің орнықты дамуы үшін мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әртараптандыру бойынша терең құрылымдық реформалар қажет, – дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы