Павлодар облысында карантиндік госпиталь жабылды

27 Мамыр 2020, 16:12
1375
Бөлісу:
Павлодар облысында карантиндік госпиталь жабылды
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде коронавирустық инфекцияны жұқтырды деген күдікпен 400-ге жуық азамат қабылданған алғашқы карантиндік госпиталь жабылды. Жас мамандардан құралған бригада екі ай бойы жұмыс істеп, туыстарын көрмеді.

Карантиндік госпитальдің бас дәрігері қызметін атқарған Әсем Қасенованың айтуынша, екі ай ішінде 388 адам түскен. Олардың қатарында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандары да болды.

Госпиталь жұмысы бірнеше сағаттың ішінде жасақталды. 20-ға жуық маман шұғыл жиналып, госпитальдің ғимаратына көшіп келді. Карантиндік госпиталь облыстық "Ардагер" шипажайының ішінен ашылды. Жұмысымызды бастаған сәтте қиналып қалдық. Себебі коронавирустық инфекциямен күресу бойынша теориялық тәжірибе болғанмен, іс жүзінде жұмыс істеп көрген жоқпыз. Мамандарымыз қысқа уақыт ішінде оқыту курстарынан өтіп, машықтанып алды. Ең бастысы, жұмысымызды адал әрі сапалы атқардық. Бірде бір ақ желеңді ауру жұқтырып алған жоқ, - дейді Әсем Қасенова.

Госпитальге алғашқы пациенттер 25 наурызда түсе бастапты. Медициналық ұжым бір күннің ішінде 54 науқасты қабылдады. Олардың қатарында Ресей, Түркия, Мысыр, Таилдандтан келген павлодарлықтар болды. Айта кетейік, Павлодар облысында пендемия басталған кезеңде 10 госпиталь жасақталды. Олардың қатарында инфекциялық, провизорлық және карантиндік мекемелер бар.

1610 (1).jpg

Бүгінде Ертіс өңірінде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қазіргі таңда интенсивті терапия бөлімшелерінде 6 науқас емделіп жатыр. Олардың қатарында жасанды демалу аппаратының көмегіне жүгінгендері де бар. Жалпы, соңғы аптада өңірде ауру жұқтырудың 26 жағдайы тіркелді. Бүгінгі күнге дейін ауру жұқтырғандардың қатарында 84 жастағы зейнеткер де, бес айлық нәресте де бар.

Осы күнге дейін 142 адам аурудан айықты.

Өзгелердің жаңалығы