Карантин кезінде басшыларды ауыстыруға бола ма?: Министр жауап берді

20 Наурыз 2020, 18:30
1975
Бөлісу:
Карантин кезінде басшыларды ауыстыруға бола ма?: Министр жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР әділет министрі Марат Бекетаев елдегі төтенше жағдай және Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы карантин кезінде кадрлық тағайындаулар жасауға бола ма деген сұраққа жауап берді.

Онлайн өткен брифингке қатысушы спикерге тілшілердің бірі сауал жолдаған.

"Карантин кезінде әкімдерді, министрлерді ауыстырып, жаңа полиция басшыларын тағайындауға бола ма? Немесе төтенше жағдай кезінде заңнамада шектеулер бар ма?" деген сұрақ қойылған.

Төтенше жағдай мен карантиннің енгізілуіне байланысты ешқандай шектеулер жоқ. Барлық кадрлық шешімдер кадрлық процедураларға сәйкес қабылдануы мүмкін. Ал заңнамада ешқандай шектеулер жоқ. Егер қажет болса, мұндай тағайындаулар қысқа мерзімде бола береді, - деп жауап берді Марат Бекетаев.

Ол сонымен қатар, коменданттық сағат енгізіле ме деген сауалға да жауап берді.

Коменданттық сағатты енгізу тіпті талқыланбайды. Ондай болжам жоқ. Мемлекет басшысы жариялаған төтенше жағдай қазіргі уақытта мемлекеттің барлық функцияларын қамтамасыз етуге және вирустық инфекцияның таралуын болдырмауға жеткілікті, - деді министр.
  Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда бір айлық төтенше жағдай жарияланған болатын. 
Өзгелердің жаңалығы