Қарағандылық полицейлер донорлық қан тапсырды

24 Ақпан 2021, 06:44
1728
Бөлісу:
Қарағандылық полицейлер донорлық қан тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері донорлық қан тапсыру бойынша акция ұйымдастырды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Шараға аталған бөлімнің барлық қызметкерлері қатысуда. Олардың барлығының мақсаты қан компоненттеріне мұқтаж адамдарға көмек қолын созу. 

Мен үнемі қан тапсырып отырамын. Былайша айтқанда “кәсіби донормын” деп айтуға болады. Менің қаным төртінші топ. Ең сирек және таптырмайтын қан тобы. Қан тапсыру процесін жеңіл өткеремін және өзімді жақсы сезініп тұрмын, – дейді рота командирі Дәулет Ысқақов. 

Дәулет Ысқақов облыстық қан орталығына алғашқылардың бірі болып келген патрульдік полиция полкінің қызметкері. Оның айтуынша, тапсырылған қанның арқасында бір адамның өмірі құтқарылса, басты мақсатқа қол жеткізілгені. 

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жол-көлік оқиғалары жиілеп, жарақат алғандардың саны артуда. Біздің патрульдік полиция полкі жеке құрамы жағынан үлкен бөлініс болғандықтан, облыстық Полиция департаменті және қалалық Полиция басқармасы бастықтарының қолдауымен осындай қан тапсыру акциясын өткізуді қолға алдық. Акция он күнге созылады. Он күн ішінде қан орталығына шамамен 25-30 қызметкерден келіп қан тапсырады. Бүгін бұл шараның бірінші күні. Осы сәтті пайдалана отырып, көлік жүргізушілерден жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, ал жаяу жүргіншілерден жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өтуді сұраймын, – деді патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Дархан Алюбаев.

Өзгелердің жаңалығы